ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жаңа Кешенді жоспардың таныстырылымы барысында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORMсайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жаңа Кешенді жоспарды әзірлеу кезінде жаһандық және өңірлік деңгейдегі есірткіге қатысты ахуалдың даму үрдістері жан-жақты талданған. Сонымен қатар Парламент депутаттарының, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдерінің ұсыныстары ескерілген. Бұдан бөлек, 2023–2025 жылдарға арналған алдыңғы Кешенді жоспардың іске асырылу нәтижелері де назарға алынған.
– Кейінгі үш жылда ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен халықаралық ынтымақтастық айтарлықтай күшейіп, есірткі қылмысына қарсы күрес алдын алу шараларына басымдық берілген неғұрлым белсенді сипатқа ие болған, - деді ол.
Сондай-ақ ол өз сөзінде 2025 жылы барлық құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде 4 мың есірткі қылмысының жолы кесілген. Оның ішінде 2 700-ден астамы есірткі заттарын сату деректері екенін атап өтті.
– Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан шамамен 49 тонна түрлі есірткі заттары тәркіленген. Әсіресе синтетикалық есірткіге қатысты оң нәтижелер байқалады. Аталған бағыт бойынша алынған есірткінің көлемі 1,5 тоннаға жуықтап, бұл 4,5 миллион бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне жол бермеген, - деді Данияр Мейрхан.
Сонымен қатар жедел-іздестіру жұмыстарының жаңа тәсілдері мен кешенді инновациялық шешімдерді қолдану нәтижесінде бірқатар нарколабораториялар жойылған. Олардың басым бөлігі синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан.
Пікірлер