Абай облысы ПД Көші-қон басқармасының баспасөз қызметі 2026 жылдан бастап жеке басын куәландыратын құжаттар үшін мемлекеттік баж қанша екенін және төлемнен босатылу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 мың 325 теңге болды. Осыған байланысты жеке басты куәландыратын құжаттарды беру үшін мемлекеттік баж мөлшері де өзгерді.
Атап айтқанда:
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мына көлемде:
24 бет — 17 мың 300 теңге (4 АЕК) (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
36 бет — 34 мың 600 теңге (8 АЕК);
48 бет — 51 мың 900 теңге (12 АЕК);
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты — 865 теңге (0,2 АЕК) көлемінде болады. Бұдан бөлек:
бір жылдың ішінде екі реттен көп жоғалуына байланысты Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі — 4 мың 325 теңге (1 АЕК);
азаматтығы жоқ адамның куәлігі (АЖА)– 34 мың 600 тенге (8 АЕК).
Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдедегі Салық кодексінде (бұдан әрі — Кодекс) жеке басын куәландыратын құжаттарды бергені үшін мемлекеттік баж алу объектілері мен мөлшерлемелері бөлігінде түзетулер енгізілген.
— Кодекстің 664-бабы 1-бөлігі 8)-тармақшасына сәйкес босқын куәлігін, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғаш рет және жарамдылық мерзімінің аяқталуы бойынша беруді қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды бергені үшін мемлекеттік баж алынады. Осылайша, ҚР азаматының жеке куәлігін алуға алғаш рет өтініш білдірген адамдар (16 жасқа толғанда, оның ішінде 18 жастан асқан адамдар); 1974 жылғы үлгідегі бұрынғы КСРО паспортының негізінде немесе оны жоғалтуына байланысты қалпына келтіру; (Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау), сондай-ақ жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты ауыстырған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Кодекстің 667-бабы 3-бөлігі 2)-тармақшасына сәйкес 1 (бір) жылдың ішінде екі реттен көп жоғалуына байланысты жеке куәлікті бергені үшін мемлекеттік баж мөлшері 0,2 АЕК орнына 1 АЕК құрайды. (4 мың 325 теңге)
Абай облысы ПД Көші-қон басқармасы атап өткендей, қабылданған түзетулер негізгі құжаттарды алу рәсімдерін жеңілдетуге және азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға, сонымен бірге құжатты ұқыпты сақтау жауапкершілігін және оның жоғалуы үшін жауапкершілікті сақтауға бағытталған.
Пікірлер