
Жолаушылар жабырқаған жағдай: Өскемендегі қоғамдық көлік мәселесі қалай шешілмек?
Қыс түсе облыс орталығы тұрғындары қоғамдық көлік қатынасы сапасына жиі шағымдана бастайды. Өкінішке қарай, бұл жылда болатын жайт. Аяз бен боранда аялдамада сағаттап күту бұрынғыдан да қиын. Жаңа автобус сатып алынды деп ақпараттар тарап жатады. Бірақ осы түйткіл қашан түпкілікті шешімін табады? Редакция тілшісі байыбына барып көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шаһар түкпірлеріндегі шағымдар
Биыл қыс Өскеменге 24 қараша күні түсті. Араға үш күн салып, қалалық пабликтердің бірінде автобустар жүрісі сиреп кетті деген кезекті шағымды құлағымыз шалды.
– Прохладнаяда бәрі баяғыша... «Алтайды айта-айта, Жамал апамыз да қартайыпты». Таңертең автобуста адам үнемі лық толы. Әсіресе №12 автабус. Кейде сыймай қалғандықтан 1-2 автобусты өткізіп аламыз. Қыста аялдамада тұрып-ақ тоңып қаласын, – деп жазды әлеуметтік желіге.
Бірақ бұл пікірді қостай жөнелгендер қатары саусақпен санарлық. Себебі, желі қолданушылары №12 автобусқа мінетін жолаушылар шағымын орынсыз және басқа қоғамдық көлікпен салыстырғанда әлдеқайда жақсы жүретінін алға тартты.
Қала тұрғындарының пікірінше, ең проблемалы бағыттар қатарында Сограға баратын 6, 6Б, 32 маршруттары кіреді. Опытное поле тұрғындары №8 маршрутқа, Сол жағалау тұрғындары №24 маршрутқа, Үлбі және А. Күленов атындағы кенттер тұрғындары №33 маршрутқа шағымданады. Сондай-ақ жолаушылар Прапорщиковоға қатынайтын №351, Пристань – Ушановский кенті бағытындағы №352, №67 («Карабах»), сондай-ақ №№ 53, 54, 55 (Меновное) маршруттарын да айта кетті. Ал Аблакетка ауданына қатынайтын № 4, 25, 27 бағыттары шағым саны бойынша көш бастап тұр.
2022 жылға дейін тұрғындар Аблакеткаға жүретін қоғамдық көлікті аялдамада ұзақ күтіп, лық толы автобустармен жүруге мәжбүр болды. Сол жылы тұрғындар Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омарға және қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне қарсы ауданаралық әкімшілік сотқа талап-араз түсірді. Олар қозғалыс аралығы 5-7 минут болуын және желіде кемінде 21 автобус жүруін талап етті. Нәтижесінде 2023 жылдан бастап Аблакеткаға келісімшарт бойынша «Бахытжол» ЖШС қызмет көрсете бастады.
Алайда тұрғындардың айтуынша, бір тасымалдаушы жағдайды аса қатты жақсартпады. Керісінше, 2025 жылы шағымдар көбейе түсті. Қалалық әкімдік қозғалыс тұрақтылығына қатысты тексеріс жүргізіп, нәтижесінде «Бахытжолдың» тұрақтылығы келісімшартта көрсетілген 85 пайыздың орнына небәрі 60-65 пайызды құрағанын мәлімдеді. Осыған байланысты қала әкімдігі жасалған келісімшатты біржақты тәртіпте бұзды. Ал 16 қарашадан бастап Аблакеткаға Ақтөбеден келген «RTT GROUP» ЖШС қызмет көрсете бастады. Бұрынғы тасымалдаушы бұл шешіммен келіспей, екі арада араздық басталды. Бір бағытқа екі компанияның автобустары қатар шығып, бір-бірімен жарысты. 17 қарашада бұл қақтығыс жол-көлік оқиғасына алып келді. Құқық қорғау органдары «Бахытжол» автобустары жолаушыларды қала арасында тасымалдайтын болса, айып тұрағына қоятынын ескертті.
– Бізге сенімсіз тасымалдаушы деген айып тағылды. Егер біз сенімсіз болсақ, неге келісімшартты заң талап еткендей сот арқылы бұзбады? Неге ашық сот отырысы өтпеді? Бізге ресми құжат ретінде тек хабарлама ғана берілді. Бұл құқықтық акт емес, келісімшартты бұзу болып саналмайды, – деді Бахытжол ЖШС директоры Елена Рядинских.
«Автобустар санын арттыруға дайынбыз»
«Бахытжол» ұжымы ҚР президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ашық бейнеүндеу жолдады. Онда кәсіпорынның қиын жағдайда, ТҮКШ бөлімінен ешқандай қолдау көрмей жұмыс істегені айтылған.
Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаевтың сөзінше, «Бахытжол» ЖШС №№ 4, 25 және 27 автобустары жолаушылар тасымалын тоқтатты және осы мәселеге байланысты сот процесін бастады.
Осы кезде жаңадан келген тасымалдаушы кедергілерге тап бола бастады. Өскемендіктер уақыт өте келе автобустардың бұрынғыдай сирек жүре бастағанын қайта айта бастады.
– Бұл жаққа бейтаныс адам болғандықтан, мәселені енді ұға бастадық. Қазір «Бахытжол» ЖШС-нің кестесімен жүріп жатырмыз. Бірақ бұл кестенің тиімді емес екенің көрдік. Қазір жаңа қозғалыс кестесін әзірлеп жатырмыз, ол ТҮКШ бөліміне ұсынылады. Егер мәселе толығымен шешлімесе, қосымша графиктер еңгізіп, автобустар санын арттыруға дайынбыз, – деді Өскемендегі «RTT GROUP» филиалының директоры Талғат Дәулетқалиев.
Автобус қозғалысындағы ең үлкен мәселе қаланың шет аймақтарында байқалатыны анық. Соларға көз жүгіртсек, бұл жекелеген компаниялар ісіндегі шикілік емес, жүйелі түрде қайталанылатын ағаттық па деген сауал туындайды. Тасымалдаушылардың айтуынша, шеткері аудандарға қызмет көрсету экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Жолаушылар ағыны таңертең және кешке көп болады. Ал түскі уақытта бос жүріске салатын көрінеді. Сондықтан күндізгі уақытта рейстер санын қысқарады.
Аблакеткаға қызмет көрсетіп жатқан жаңа тасымалдаушының қозғалыс режиміне қатысты өз көзқарасы бар.
– Өскеменде автобустар ұзақ уақыт бос тұрып қалады екен. Ақтөбеде біз «Бас-километр» әдісімен жұмыс істейміз. Онда ұзақ тұрып қалу деген жоқ, тек қозғалыс аралығы ескеріледі. Жүргізушілер әр екі айналымнан кейін бір жарым сағат емес, шамамен 30 минут қана демалатындай жүйе еңгізгіміз келеді, – дейді Талғат Дәулетқалиев.
Субсидияға қанша қаржы бөлінді?
Қала әкімдігінің көлік мәселесін нарыққа жаңа тасымалдаушыларды тарту арқылы шешуге ұмтылысы қазіргі жұмыс істеп отырған компаниялар көңілінен шыға қоймайды. Себебі егер Өскемен әкімдігі «Бахытжол» ЖШС-ны сотта жеңсе, бұл маңызды жаңалыққа айналмақ. Яғни алда қозғалыс тұрақтылығын қамтамасыз етпеген тасымалдаушыларға қысымды күшейтуге мүмкіндік туады. Ең соңғы шара келісімшартты бұзу. Айта кету керек, ТҮКШ бөлімі кем дегенде тағы бір компанияның жұмысына да көңілі толмай отыр.
– Бүгінде ең төменгі тұрақтылық көрсеткіші «Марат-М» ЖШС қызмет көрсететін бағыттарда байқалады. Бұл компания № 7 «Щербакова – Алтайская», № 26 «Заводская – А. Күленов атындағы кент», № 43а «Казцинк – А. Күленов атындағы кент», № 32 «Кемежай – ТМК», № 38 «Понтон көпірі – Геологиялық» маршруттарына қызмет көрсетеді. Аталған тасымалдаушыға қозғалыс тұрақтылығын тиісті деңгейде қамтамасыз ету және бекітілген кестеге сай барлық рейсті қатаң орындау қажеттігі туралы хабарлама жолданды, – дейді Марат Тұңғышбаев.
Тасымалдаушылар болса, 2023 жылдан бері жолақы тарифі қайта қаралмағанын, ал сол уақыттан бері жанармай мен қосалқы бөлшектер қымбаттағанын алға тартады. Олардың айтуынша, ұзақ жүретін бағыттарда қызмет көрсететін компаниялар шығынға батып отыр. Сондықтан мемлекеттік қолдау қажет.
Еске салайық, Өскеменде 2020 жылдан бастап электронды билеттеу жүйесі мен OskemenBus мобильді қосымшасы іске қосылғаннан кейін тасымалдаушыларға субсидия төлене бастады. Биыл көктемнен бастап бұл жүйенің орнына ONAY! енгізілді. Электронды билеттеу нақты жолаушылар ағынын онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік береді. Демек, билік тасымалдаушыларға уәде етілген субсидияны төлеуі тиіс. Бұл төлемдер жүргізілді де. Қалалық ТҮКШ бөлімі мәліметінше, жолақы тарифімен жабылмайтын шығындарды өтеуге бөлінген субсидия көлемі 2022 жылғы 2,891 миллиард теңгеден 2025 жылдың қыркүйек айының соңындағы 7,2 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал тасымалдаушылардың өз есебі бойынша, 2025 жылды аяқтау үшін 11 миллиард теңге қажет. Алайда 2026 жылға арналған облыстық бюджетке қарасақ, Өскемендегі тасымалдаушыларды субсидиялауға әзірге бар болғаны 2,5 миллиард теңге қарастырылған. Бюджет шығындарының қысқаруы елдегі экономикалық жағдайдың күрделілігімен және 2026 жылғы республикалық бюджеттің тапшылығымен байланысты. Осындай жағдайда жолаушы тасымалын сақтап қалу үшін жолақыны қайта қарау қажет болуы мүмкін. Бірақ әзірге бұл туралы ашық айтылып отырған жоқ. Барлығы «Бахытжолмен» жүріп жатқан сот процесі нәтижесіне байланысты болады. Әзірге анық бір нәрсе бар. Көлік мәселесін шешу үшін қаржы, бақылау және саяси ерік-жігерді қамтитын кешенді тәсіл қажет. Шиеленіскен шақта баршаға бірдей ұнайтын шешім табу оңай емес.
Фотосуреттерді түсірген: Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер