Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Глубокое ауданы мен Риддер қаласына барып, жылыту маусымының өту барысын бақылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әуелі Белоусовка кентіндегі «Востокэнерго» ЖШС-ның жылу қазандығының жұмысымен танысты. Ол 43 көппәтерлі үйді тұрақты жылумен қамтамасыз етіп тұр. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы - 15,8 шақырым. Қазандықтың орнатылған жылу қуаты - 72,5 Гкал/сағ. Аймақ басшысы өз сөзінде аязды күндері халықты жылумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Одан соң Риддердегі «SHNET» ЖШС қазандықтарының жұмысын көрді. Мұндағы №3 және 6 қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ №4, 5 және 6 қазандықтардың күл шығару арналарының металл құрылымдары жаңартылған.
Ал «Шығыс Жылу» АҚ балансындағы жылу электр орталығында жылыту маусымына орай жоспарланған жұмыстардың жалпы орындалу деңгейі 100 пайызды құрайды. №1, 2, 4 және 5 қазандық агрегаттары ағымдағы жөндеуден өтті. №3 және №6 қазандықтарды күрделі жөндеу толық аяқталды.
Жылу желілерін жөндеу бойынша жұмыстардың жалпы орындалу деңгейі – 99 пайыз. Жобаға төрт мердігер ұйым тартылған.
Қазіргі уақытта орталықтағы көмір қоры 23 155 тоннаны құрайды, бұл 25 тәулікке жетеді. Көмірдің тәуліктік шығыны - 900 тонна. Мазут қоры - 550 тоннадан асады. «Қаражыра» АҚ-мен қаңтар айына жоспарланған көмір жеткізу көлемі - 35 000 тонна.
Желтоқсан айында көмірдің нақты жеткізілуі 27 мыңға жуық тоннаны құрады. Осы сәтте №1, 2, 3, 5 қазандықтар және №1 турбоагрегат жұмыс істеп тұр.
Пікірлер