Бүгін облыс әкімдігінде футболды дамытуға қатысты жиын өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Былтыр «Алтай Өскемен» футбол клубы араға 13 жыл салып Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған болатын.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қазір
«Восток» стадионында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келешекте футболшылар жаңа стадионға көшеді.
- Өскеменде жабық футбол стадионын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу соңғы кезеңге өтті. Мемлекеттік сараптамаға ұсыну үшін құжаттар пакеті дайындалып жатыр, - дейді басқарма басшысы Асқар Можанов.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаевтың айтуынша, 22-ші тұрғын ауданда орналасатын үсті жабық футбол стадионына 5 мың адам сыятын болады. Ішінде воркаут және балалар ойын алаңдары да орналасады. Сыртта 370 орынға арналған көлік тұрағы ұйымдастырылмақ. Жаңа стадион екі жылда салынып бітуі тиіс.
- Өңірімізде футбол спорты қарқынды дамып келеді. Жақсы нәтижелер де бар. Жергілікті клубтың жанкүйерлері көбейіп, балалар футболы да алға басуда. Сондықтан облыстағы кәсіпорындар мен жеке кәсіп иелерін «Алтай Өскемен» футбол клубын қаржылай қолдауға шақырамын, - деді облыс әкімі.
Пікірлер