Жаңартылған медициналық нысан жұмысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен қала әкімі Алмат Ақышев танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге 680 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражат есебінен емхананың үш қабаты да толықтай жаңартылып, инженерлік желілер, қабылдау бөлмелері мен емдеу кабинеттері қазіргі талаптарға сай жабдықталды. Жөндеу жұмыстары барысында емханаға келушілер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау басты назарда болған.
Айта кету керек, өткен жылы облыс көлемінде 11 медициналық нысанда жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, 3,3 миллиард теңгеге 243 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынып, денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізілді. Алдағы уақытта да халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды жаңғырту жалғасын таппақ.
– Дәрігерлердің таза әрі қолайлы ғимаратта жұмыс істеуі, ал тұрғындардың жылы әрі жайлы жағдайда ем қабылдауы – біздің басым бағыттарымыздың бірі, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Сонымен қатар, өткен жылдың соңында Риддер қаласында 200 орындық аурухана құрылысы аяқталған. Жаңа медициналық мекеме бір мезетте 500 адамға дейін қабылдай алады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта облыс орталығында 300 адамға арналған көпфункционалды емхана бой көтермек.
Пікірлер