Бүгін «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшы жастары арасында ақпараттық-танымдық диалог алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты - жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын түсіндіру және өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алу.
Кездесуге ШҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Мәди Маратұлы қатысып, есірткі қылмысына қарсы күрестің маңызы туралы кеңінен баяндады.
Оның айтуынша, есірткі қылмысының алдын алудың тиімді тәсілдердің бірі – жүйелі түрде жүргізілетін алдын алу шаралары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 600-ден астам есірткіге қарсы профилактикалық шара өтті. Атап айтқанда, ашық диалог алаңдары, лекциялар, ақпараттық акциялар, спорттық және рейдтік іс-шаралар бар.
- Өкінішке қарай, жылдан жылға есірткі қылмысының саны артып, өзекті мәселеге айналып отыр. Оның басты себебі – жастардың жеңіл жолмен ақша табуға деген қызығушылығы. Бұл тек жастар арасында ғана емес, орта жастағы азаматтар арасында да кездеседі. Ресми статистикаға сүйенсек, есірткіні тарату фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан азаматтардың орташа жасы 16-30 жас аралығын құрайды, - деді Мәди Маратұлы.
Белгілі болғандай, жастар көбіне есірткіні тасымалдау немесе тарату жұмыстарына интернет арқылы, әсіресе Telegram мессенджері арқылы тартылады.
- Жастардың басым бөлігі оңай жолмен ақша табуды көздеп келеді. Облысқа басқа өңірлерден келетін жастар да бұл қылмыстың құрбанына айналып жатады. Өткен жылдың соңында небәрі 19 жастағы бозбала есірткі тасымалдау дерегі бойынша ұсталды. Мұндай қылмыстар үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ерекше ауыр қылмыстар бойынша азаматтар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, - деді ШҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Мәди Маратұлы.
Кездесу барысында жұмысшы жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, заң саласындағы өзекті мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарды теріс әрекеттерге бармауға шақырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер