A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 12:35 0

ШҚО-дағы бірнеше ГЭС стратегиялық су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстар тізіміне енді

Бүгін / ШҚО

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында елдің гидроэнергетикалық әлеуетін дамытуға қатысты жоспарларын таныстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

- Министрлік барлық экономика саласы, соның ішінде гидроэнергетика үшін мемлекеттік су шаруашылығы саясатының ұзақ мерзімді жоспарлау құжаттарын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл құжаттарда су балансы жаңартылып, елдің гидроәлеуетіне баға беріледі, – деді министр.

Нұржігітов атап өткендей, бірінші кезеңде су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарлар әзірленеді, оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал екінші кезеңде бассейндік жоспарлар дайын болғаннан кейін, су ресурстарын интеграцияланған басқарудың бас жоспарын әзірлеу басталады, оны 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.

- Болжамды су балансы бекітілгенге дейін министрлік Энергетика министрлігі және жеке инвесторлармен бірлесіп, ГЭС және ГАЭС құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде. Биыл Өгем өзенінде гидроэлектрстанциялар каскады бар су құбырын салу жөніндегі инвестициялық жоба бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуді бастадық. Жоба мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жүзеге асады, құны – 191,7 млрд теңге. Ол жыл сайын 110 млн текше метр ауызсу беріп, сағатына 72 МВт электр энергиясын өндіруді көздейді, – деді министр.

Сонымен қатар министрлік Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы Кіші Оба, Қалжыр, Көксу, Тентек, Лепсі өзендеріндегі жалпы қуаты 1000 МВт-тан асатын 5 ГЭС-ті стратегиялық су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстар тізіміне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Бұдан басқа «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорынмен республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда шағын ГЭС санын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта шағын гидроэнергетика орналастыру әлеуеті 20 МВт болатын 29 гидротехникалық құрылыс іріктелді. Қазір Қарағанды облысындағы Самарқанд, Ақтөбе облысындағы Қарғалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Қаракөл су қоймаларында жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив