ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл ауылы тұрғындарының жалпы жиналысында «Тәртіпті, құқыққа бағынатын ауыл» бастамасына қосылу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл тұрғындары мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындар ауылды «арақ ішпейтін ауылдар» қатарына енгізу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады.
Олар арақтан бас тарту – тыйым емес, отбасындағы тыныштықты, қоғамдағы қауіпсіздікті және өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге бағытталған саналы таңдау екенін атап өтті.
Аталған бастаманы Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, діни бірлестік өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері және құқық қорғау органдары қолдады. Полиция қызметкерлері тұрмыстық құқықбұзушылықтардың басым бөлігі алкогольдік мас күйінде жасалатынын айтып, алдын алу жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Осылайша, Жаңаауыл облыс бойынша «Арақ ішпейтін ауылдар» бастамасына ресми түрде қосылған жиырма бірінші ауыл атанды.
Айта кетейік, қазір мұнда 661 адам тұрады. Қ.Ақынов атындағы орта мектепте 83 оқушы білім алуда.
Пікірлер