
Өскеменде 15 жыл бұрын салына бастаған колледж қалай «сақалды құрылысқа» айналды?
Өскемен қаласындағы Ілияс Есенберлин даңғылы бойында орналасқан бұрынғы машина жасау колледжінің ғимараты – өңірдегі ең ұзаққа созылған әрі ең даулы құрылыстардың бірі. 2011 жылы басталған бұл жоба әуелде еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға арналған ауқымды мемлекеттік бастаманың бір бөлігі болған. Алайда арада он жылдан астам уақыт өтсе де, нысан толық пайдалануға берілмей, жемқорлық, талан-тараж бен жауапсыздықтың символына айналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Колледж құрылысы Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған.
Жоба бойынша Өскеменде машина жасау саласына арналған 700 орындық өңіраралық кәсіптік орталық салынуы тиіс еді. Тапсырыс беруші – ҚР Білім және ғылым министрлігі. Қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізілді.
30 516 шаршы метр аумақты алып жатқан жер телімінің жартысынан астамында, нақтырақ айтқанда 17 500,92 шаршы метрінде ғимараттар салына бастаған. Алайда 2012 жылы жағдай күрт өзгерді. Жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқулар анықталып, асхананың жеке тұрған ғимаратының еден плитасы құлады.
Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым вице-министрі С.Б.Шаяхметовке, «ЗАК Сервис» ЖШС мердігер ұйымына, «Білім және ғылым объектілерінің салынып жатқан ғимараттар дирекциясы» ЖШС-ға және басқа да адамдарға қатысты бюджет қаражатын ұрлау бойынша қылмыстық істердің қозғалуына байланысты құрылыс тоқтатылды. Сөйтіп, аяқталмаған нысан қараусыз қалды.
Тонауға түскен ғимарат
Құрылыс тоқтаған жылдар ішінде нысан бірнеше рет тоналған. Қоршаусыз, күзетсіз қалған ғимараттан құрылыс материалдары, металл конструкциялар қолды болғаны тұрғындарға да, жергілікті билікке де белгілі.
Аяқталмай қалған колледж ғимараты тек мемлекеттік жоспардың сәтсіздігін ғана емес, осы маңда тұратын тұрғындардың күнделікті үрейін де айқын көрсетіп отыр. Қаңырап қалған құрылыс жылдар бойы қараусыз қалып, бірте-бірте заңсыз әрекеттердің ордасына айналған.
Нысанның дәл артындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын тұрғындардың айтуынша, ғимараттың тоналуы ашық түрде, еш жасырынусыз жүрген.
– Бұл жерді көз алдымызда тонады. Күндіз де, түнде де көліктер келіп-кетіп жататын. Біреулер кіреді, біреулер шығады. Біз оның құрылыс жұмыстары емес, тонау екенін анық көрдік, – дейді бес жылдан бері осы маңда тұратын азаматтардың бірі.
Оның сөзінше, құрылыс алаңы ешқашан тиісті түрде қоршалмаған. Қақпасы ашық, күзеті жоқ.
– Кейін бұл жер үйі жоқ адамдардың, жасөспірімдердің мекені болды. Балалар ішке кіріп, аралап жүретін. Бірдеңе құлап кетсе кім жауап береді деп қорқатынбыз, - дейді ол.
2018 жылы «Мемлекеттік мүлікті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру» туралы шешіммен нысан Өскемен қаласының меншігіне өтті. Ал 2021 жылы облыстық коммуналдық меншікке берілді.
Колледж емес мектеп салынады
Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл нысан кейіннен жекешелендіру тетігі арқылы сатылған. 2023 жылдың наурыз айында аяқталмаған ғимаратты «VK INVEST COMPANY» ЖШС сатып алды.
– Сатып алушы нысанды 1000 орыннан асатын жалпы білім беретін мектепке айналдыру жөніндегі құжаттарды ресімдеді, - делінген ШҚО әкімдігінің ақпаратында.
Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Рустам Байырбековтың айтуынша, мектеп салу қажеттілігі өңірдегі нақты әлеуметтік сұраныстан туған.
– Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы мектептерде 1823 орын тапшы. Сондықтан нысанның бастапқы мақсатын өзгеріп, мектепке айналдыру туралы шешім қабылданды, - дейді ол.
Қолды болған құрылыстың қалпына келіп, жалпы білім беретін мектеп болатынына тұрғындар риза.
– Осы қаңырап қалған құрылыстың маңында салынған үйге көшіп келгенімізге төрт жылдан асты. Балаларымыз осы жерде оқыса деп армандаймыз. Үйімізге өте жақын. Бұрындары дарынды балаларға арналған мектеп болады деді. Енді жалпы білім беретін мектеп болады екен. Бізге де керегі осы, – деді Әл-Фараби көшесінің тұрғыны Айнаш.
Құрылыс қай кезеңде?
Мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілмейді. Дайындық басталып кеткен.
– ШҚО Қаржы басқармасы мектептің жобалық қуатын 880-ден 1000 орынға өзгерту туралы сатып алу-сату шартына қосымша келісімге қол қойды және ведомстводан тыс сараптама қорытындысын алған сәттен бастап 18 ай ішінде құрылыстың аяқталу кезеңі айқындалды, – деді Рустам Байырбеков.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер