A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 11:00 0

ШҚО әкімі: Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейту қажет

Бүгін / ШҚО

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыстың ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде басқарма басшылары, қалалар мен аудандар әкімдері қатысқан жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Онда саладағы түйкілді тақырыптар талқыланып, түрлі ұсыныстар жасалып, нақты жоспарлар құрылды. 

Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков Қалғұты ауылдық округінде мал бордақылау алаңын, ет өңдеу зауытын іске қосу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді. Ал Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов Алмасай ауылдық округінде орналасқан «Уақ» ауыл шаруашылығы кооперативінің мал басын көбейту және өндірістік инфрақұрылымды кеңейту мақсатында биыл мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді. 

Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов мал бордақылау алаңдарының салу жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді. Облыс әкімінің кеңесшісі Самат Қыдырмолда саладағы өзекті мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынды. 

- 2025 жылғы 20 мамырдан 22 тамызға дейін ШҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Ауыл шаруашылығы басқармасына мемлекеттік аудит жүргізген болатын. Соның нәтижесі бойынша басқарма 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 1 284 бас ірі қара малға субсидия бергені, алайда олар мал басын сақтау міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Бұл Зайсан, Тарбагатай, Ұлан, Күршім, Самар, Үлкен Нарын, Шемонаиха, Марқакөл аудандарына қатысты. Сондықтан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері субсидияланған мал басының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отыруы қажет, - деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Көшерова.

Жиын соңында Нұрымбет Сақтағанов аталған аудан әкімдеріне малға берілген субсидияларды қайтару жұмыстарын жүргізуді, субсидиялар ережелері талаптарының орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды. 

- Әрбір ауданда 2026-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бекітілген квотаға сәйкес агроөнеркәсіптік кешен жобаларының нақты тізімі дайындалуы қажет. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне субсидияланған мал басын сақтау міндеттерін орындамаудың жеке жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Құзырлы басқармалар ет өнімдерін экспорттау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс, - деді аймақ басшысы.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив