Облыс орталығында «Өскемен: өткенге саяхат» атты ретро фотокөрме ұйымдастырылды. Онда шаһардың әр кезеңдегі тарихы, сәулеті мен ерекше атмосферасын айшықтайтын мұрағаттық фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған іс-шара цифрландыру бағыты аясында өткізіліп, ретро стильде безендірілген. Мұрағаттық суреттер арқылы қала тұрғындары мен қонақтары уақыт кеңістігінде саяхат жасап, өткен ғасырлардағы Өскеменнің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды.
Өскемен қаласы әкімдігі Креативті индустрияны дамыту орталығының бөлім меңгерушісі Елена Колос көрменің негізгі мақсатына тоқталды.
— Бұл іс-шара цифрландыруға негізделген. Көрме ретро стильде өтуде. Басты мақсат — өткенге саяхат жасау. Осы көрме арқылы біз облыс тұрғындары мен қалаға келген туристерге ерекше әсер қалдырғымыз келеді, — деді ол.
Фотокөрме жас буын үшін де тағылымды болды. Шараға келген 10 сынып оқушысы Әмина Қасенова өз әсерімен бөлісті.
— Бүгін Өскеменнің тарихына арналған фотокөрмеге келдік. Біз оқитын академияда тайм-менеджмент, бизнес-жоспар құру, уақытты тиімді пайдалану секілді бағыттарда білім аламыз. Ал осындай көрмелер тарихты тереңірек түсінуге көмектеседі, — деді ол.
Айта кетейік, ретро фотокөрме тарихи мұраны насихаттауға, өңірдің мәдени құндылықтарын кеңінен танытуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Пікірлер