Қазақстандық «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі сегізінші турындағы Англияның «Арсенал» командасымен кездесуге Лондон қаласына жетті. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Алматылық футболшылар бүгін Лондон қаласындағы «Эмире́йтс» стадионында алғашқы оқу-жаттығу шарасын өткізеді.
Бұл кездесу 28 қаңтарда Қазақстан уақытымен 1:00-де басталады.
«Қайраттың» жеті турдан кейін небәрі бір ұпайы бар. Турнир кестесінде көш соңында келеді.
Бұл кездесуге алматылық клуб сапында Дастан Сәтпаев, Азамат Тұяқбаев, Олжас Байбек секілді футболшылар қатыса алмайды.
Осыған дейін негізгі кезеңде «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.
Есесіне турнир кестесінде «Арсенал» жеті турда бірде-бір ұпай жоғалтпай, 21 ұпаймен көш басында келеді.
Ағылшындық команда жарыс барысында Испанияның «Атлетик Билбао» (2:0), Грекияның «Олимпиакос» (2:0), Испанияның «Атлетико Мадрид» (4:0), Чехияның «Славия» (3:0), Германияның «Бавария» (3:1), Бельгияның «Брюгге» (3:0), Италияның «Интер» (3:1) клубтарынан басым түсті.
Пікірлер