Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Үкімет отырысында балалардың энергетикалық сусынға құмартуын қауіпті жағдай деп бағалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Өте маңызды мәселе – ол балалардың ішетін тамағы. Бізде өкінішке қарай, балалардың, жасөспірімдердің көбісі фастфудқа, содан кейін энергетикалық сусындарға құмар болады. Тіпті, кей кезде оған тәуелді болып қалады. Осы қауіпке бәріміз, бүкіл ел болып, қоғам болып тойтарыс беруіміз қажет. Өте қауіпті жағдай. Ұсыныс енгізіңіздер, - деді Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға қарата.
Министрдің дерегінше, 2024 жылы Денсаулық сақтау кодексіне электрондық темекі мен вейп айналымына толық тыйым салу жөніндегі норма енгізілді, сондай-ақ тыйым салуды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді.
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Қабылданып жатқан шаралар кешені 2025 жылы Қазақстанға жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 25 пайызға қысқартуға, ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі осы мақсатқа жеткен 9 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Қазақстан Орталық Азияда осы мақсатқа жеткен бірінші ел болып танылды, - деді Ақмарал Әлназарова.
Пікірлер