Қалада «Жастар және қоғамдық тәртіп» тақырыбында «Казцинк» ЖШС жұмысшы жастарының қатысуымен интерактивті диалог алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға облыстық прокуратура мамандары мен киберполиция өкілдері қатысып, жастармен ашық форматта пікір алмасты. Кездесу барысында қазір кең етек жайып отырған интернет алаяқтық, дроперлік схемалар мен киберқылмыс түрлері жан-жақты талқыланды. Мамандар онлайн алаяқтардың қалай әрекет ететіні, олардың негізгі белгілері, сондай-ақ жастардың бұл қауіптерге қалай тап болатыны жөнінде нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бөгде адамдарға банк картасы мен есепшот деректерін бермеу секілді маңызды кеңестер айтылды.
Киберполиция өкілдері дроперлік әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілігіне де тоқталып, жастарды жеңіл табысқа қызықпауға, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға шақырды. Айтуларынша, көптеген азамат алаяқтық схемаларға байқамай қатысып, өздері де қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатады.
Шара барысында сөз алған облыстық жастар орталығының маманы Темірлан Базылханов онлайн алаяқтықтың қазір республика көлемінде өзекті мәселеге айналғанын атап өтті.
– Интернет алаяқтық – қоғам үшін үлкен қауіп. Республика бойынша ғана емес, біздің өңірде де мұндай фактілер тіркеліп отыр. Көпшілігі қаржылай шығынға ұшырап, сан соғып қалуда. Осыған байланысты жыл басынан бері студенттермен және өңір жастары арасында профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат сол, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды киберқылмыстан сақтандыру, – деді ол.
Пікірлер