Қазақстанда жыл сайын шамамен 1 800 әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылады. Өкінішке қарай, жылына 600-ге жуық адам осы аурудың салдарынан қайтыс болады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Аурудың даму қаупі, әсіресе 40 жастан кейін арта түседі.
Министрлік хабарлауынша, Қазақстанда жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған ұлттық скринингтік бағдарлама іске асырылып келеді. Бағдарлама ісік алды жағдайларды және аурудың бастапқы кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді. Ерте кезеңде анықталған жағдайда бұл дерт толық емделуі мүмкін.
Ведомство клиникалық тәжірибеден мысал келтірді. 50 жастағы әйелде жатыр мойнының преинвазивті обыры жоспарлы профилактикалық тексеру барысында анықталған. Пациентке Ұлттық ғылыми онкология орталығында лапароскопиялық әдіспен радикалды хирургиялық ем жүргізілген. Операция барысында жатыр мойнымен бірге жатыр, аналық бездер және жатыр түтіктері алынған.
Операция III дәрежелі семіздікке байланысты техникалық тұрғыдан күрделі болғанымен, аз инвазивті лапароскопиялық әдіс асқыну қаупін төмендетіп, қалпына келу кезеңін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берген. Дәрігерлердің болжамы қолайлы, пациентті операциядан кейін 3-4 тәулік ішінде шығару жоспарланған.
Министрлік мәліметінше, жатыр мойны обыры ерте анықталып, уақтылы хирургиялық ем жүргізілген жағдайда толық жазылады. Сонымен қатар бұл аурудың алдын алуға болатыны да атап өтілді. Яғни, адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі саналады. Бұл шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жою жөніндегі жаһандық стратегиясы аясында жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе әлемнің 148 елінде қолданылады.
Қазақстанда қыз балаларды адам папилломасы вирусына қарсы иммундау 2024 жылдан бастап Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес жүргізіліп жатыр.
Пікірлер