Энергетика министрлігі елдегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы ауқымды жөндеу науқандары мен энергетика саласын жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба іске асырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, аталған шаралар барлық өңірде жылу және электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған. Жоспарланған жұмыстар энергия нысандарының техникалық әлеуетін жақсартып, тұтынушыларды тұрақты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- 2026 жылы елімізде 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина жөндеуден өтеді. Соның нәтижесінде жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендейді. Жөндеу жұмыстарын жоспарлы әрі кешенді жүргізу стансалардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, оларды жоғары қауіп аймағынан («қызыл аймақ») кезең-кезеңімен шығаруға жағдай жасайды, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, энергетика саласын жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама бес жылға жоспарланған және инженерлік инфрақұрылымды ауқымды жаңартуды көздейді.
Жоба аясында бес жыл ішінде елімізде 1,6 мың шақырым жылу желісі мен 78 мың шақырым электр желісі жаңартылады. Нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 52 пайыздан 42 пайызға, ал электр желілерінің ескіруін 74 пайыздан 45 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Жаңғырту жұмыстары экономиканың және халықтың өсіп келе жатқан қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз ете алатын орнықты отын-энергетика кешенін қалыптастыруға бағытталған.
Пікірлер