Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің өкілдері не себепті қыс мезгілінде ауаның жиі ластанатыны туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) кезінде қаланы қою түтін басатыны байқалады.
- Тұрғындар арасында не себепті тұман негізінен қыста болады деген сұрақ жиі қойылады. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Қыс кезінде жылу көздеріне түсетін жүктеме артып, көліктер көп қыздырылып, жер үйлерде пеш жағылады. Сондай-ақ екі су электр станциясы Ертіс пен Үлбі өзендерінің қыс мезгілінде қатпауына әкеліп, содан қалың тұман пайда болады. Осының барлығы қолайсыз метеорологиялық жағдайлармен ұштасып, ластаушы заттардың ауа қабатының жерге жақын бөлігінде жиналуына әкеледі, – делінген әкімдік берген ақпаратта.
Анықталғандай, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде өнеркәсіптік кәсіпорындар өндірістік жүктемені 20–40 пайызға дейін төмендетеді.
- Көктем, жаз және күз мезгілдерінде қаладағы зиянды шығарындылар қолайлы ауа райының әсерінен табиғи түрде таралып кететінін атап өткен жөн. Экологтар мен метеорологтар атмосфералық ауаның жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Жағдай бақылауда, тазарту жүйелері мен сүзгілердің жұмысы үнемі тексеріледі, – деді әкімдікте.
Пікірлер