
Ту алғандағы толқыныс: Аяулым Әмренова Италияда өтетін Ақ Олимпиадада көк байрақты көтеріп шығады
Жұма күні жаһандық жарыс тиегі ағытылып, қысқы спорт тарихына жаңа есімдер жазылады. Өңір спортшылары осы уақытқа дейін ауқымды деген аламанның барлығына дерлік қатысты. Сонау 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиадада жеңіл атлетикадан бұйырған алтын, 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында фристайл-могулда бұйрыған қола – Шығыс Қазақстан атлеттерінің ең айтулы нәтижелері. Ендігі аламан Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо шаһарларында өтетін. Ал сол сында Мемлекеттік туды фристайл-могул шебері, зайсандық Аяулым Әмренова көтеріп шығады. Жерлесіміз туралы эксклюзив мақала әзірлеуді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сенім арқалаған сәт
Айшылық алыс жерлерде өтетін дүбірлі додаға жылдар бойы әзірлік жүргізіп, тер төгетін атлеттер аламан алдында Президент алдында бір бас қосады. Технология дамымай тұрғанда көбі мәтінін көркемдеп, айшылық жер деп жазып жататын. Қалай десек те, шалғайдағы бәсекенің миллиардтаған адам күтіп жүр. Жуықта өткен салтанатты рәсім кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды табыстап, ел намысын қорғайтын спортшыларға зор сенім артты.
– Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы – барша қазақтың беделі, – деген Президент жеңіске жету жолында талап пен табандылықтың шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы екенін, ал сол арманға жақындау жылдар бойғы тынымсыз еңбек пен қажырлы дайындықтың нәтижесі екенін айтты. Сондай-ақ құраманың дүбірлі додаға қатысуының өзі – қазақстандық спортшылардың әлеуеті мен жігерін айқын көрсететінін айта кетті. Ресми шара барысында Мемлекеттік ту Ұлттық құрама мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға, сондай-ақ паралимпиадалық команда спортшысы Ербол Хамитовқа табысталды. Бұл сәт – ел сенімінің айқын белгісі әрі спортшы үшін зор жауапкершілік жүктейтін мәртебе. XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиадада Қазақстаннан шамамен 40 спортшы қатысып, спорттың 10 түрінен бақ сынайды. Олардың жартысынан көбі – Олимпиадаға алғаш рет қатысатын жас спортшылар. Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылардың 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль иеленгенін айтып, бұл көрсеткіш жүйелі дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін еске салды.
Жерлестері жетістігін бақылап отыр
Аяулым Әміренованың әкесі Серік пен анасы Гаухария Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылында туған. Кейін отбасы Өскемен қаласына қоныс аударып, Аяулым сол жерде өсіп, білім алып, спорт жолына таңдады. Жастайынан әкесінің спортқа баулуы болашақ чемпионның қалыптасуына айрықша әсер етті. Тығыз дайындық пен жарыстарға байланысты Аяулым туған өлкесіне жиі келе бермейді. Соған қарамастан, Зайсан жұртшылығы оның жетістіктерін үнемі бақылап, мақтанышпен қарайды. Ел намысын қорғап жүрген спортшыларды қолдау – маңызды міндет екенін атап өткен аудан басшылығы мұндай азаматтарға әрдайым қолдау көрсетінің айта кетті.
«Қызым жарақат алмаса екен»
Аяулым Әмренованың спорттағы жолы бір күнде келген жеңіс емес. Жылдар бойы төгілген тер, төзім мен тәуекелге толы тағдыр. Сол жолдың басынан бастап жанынан табылған адам – әкесі Серік Әмренов.
– Болашағы жарқын сәттерге толы болады деп сенемін. Ең бастысы, қатты жарақат алмаса деймін. Бұл спорт өте қауіпті. Қыздардың жылдамдығы кейде 50–60 шақырымға дейін жетеді. Ал жалпы ұзындық 230-250 метр, – дейді ол.
Әкесінің айтуынша, Аяулым бала кезінен жеңіске деген ерекше мінезімен көзге түскен. Алғашқы үлкен жетістігі сол, 5 жасында облыс біріншілігінде топ жарды. Сол сәттен бастап оның спорттағы жолы айқындала түсті. Алғашқы бапкері Сергей Аксенов шәкіртінің болашағына сол кезде-ақ сенген. Ал әкесі үшін қызының Президент қабылдауында болып, Мемлекеттік туды алу сәті ерекше әсер қалдырды.
– Америкада Әлем кубогында жүргенде хабарласып, «Әке, Президент қабылдауында боламын, туды маған береді» деді. Бұған дейін Универсиадада да ту алып шыққан. Бірақ бұл жолы жүрек ерекше толқыды, – дейді әкесі.
Еуропа кубогіндегі жеңіс – Аяулымның спорттық тағдырындағы шешуші кезеңдердің бірі болды. Сол бәсекедегі жарқын сәт Қазақстан командасының сәтті өнеріне жол ашты. Ол кезде жерлесіміздің жеңісіне әкесінен басқа ешкім сенбеген көрінеді. Жарысты ешбір отандық арна көрсетпей, тек YouTube арқылы тамашалады. Анығы сол, сол жеңіс Аяулымға зор сенім сыйлады.
Екі жыл бұрын Германияның Мюнхен қаласында иығына күрделі ота жасалып, бір жылдай спорттан үзіліс алған спортшы бүгінде толық қалпына келген. Әкесі оның Қазақстандағы қысқы спорттағы ең мықты фристайл-могул шеберлерінің бірі екеніне сенімді.
Қобалжуды қалай жеңеді?
Қысқы Олимпиада – әр спортшының бала кезінен бергі асқақ арманы. Сол арманға жету жолында мыңдаған сағат дайындықтан өткен, Қазақстан атын әлемдік ареналарда танытқан фристайл-могул шебері Аяулым Әмренова додаға ерекше жауапкершілікпен дайындық жүргізгенін алға тартты. Дайындық кестесі тығыз, жан-жақтан ешкім, ешнәрсе ойын бөлмеуі тиіс сәтте редакция тілшісіне уақыт бөліп, аз-кем сұхбат берген болатын. Әр спортшының ең басты арманы – Олимпиада тұғырына көтерілу. Аяулым да сол соқпақпен сәтті келе жатыр. Президент қолынан Мемлекеттік туды алу сәті спортшы үшін өміріндегі ерекше белеске айналатыны анық.
– Алғашында өзіме сенбедім. «Маған ту бере ме?» деп қайта-қайта ойландым. Бұл – үлкен мәртебе. Президентті көру бала кезімнен келе жатқан арманым еді, – дейді ол.
Аяулым Олимпиадаға баратын үздік 30 спортшының бәрін мықты қарсылас деп санайды. Себебі бұл додаға әлсіз спортшы бармайды. Көбі Әлем кубогі кезеңдерінде атой салып жүргендер.
– Дайындық жақсы өтті. Соңғы жылы көп жұмыс атқарылды. Ел намысын абыроймен қорғауға бар күшімді саламын, – деді спортшы.
Жарыс алдында қобалжуды азайту үшін ол музыка тыңдайды. Сөреден шығарда ішінен бісмілләсін айтып, өзін рухани тұрғыда жинақтайды. Оның айтуынша, бұл спортқа тек физикалық дайындық аздық етеді. Мұнда батыл жүрек пен шексіз махаббат қажет.
Бүгінде Аяулым – студент-докторант, жаңа ғана шаңырақ көтерген аяулы жар. Спорттан бөлек, өмірдің қарапайым сәттерін де бағалағысы келеді.
– Өмірімнің көп бөлігі спортқа кетті. Мейрамдар, туған күндер, отбасымен өткізетін уақыт жетіспеді. Енді сол сәттердің орнын толтырғым келеді, – дейді ол.
Сөз соңында спортшы ата-анасына, апасына алғысын білдіріп, олардың қолдауы – жеңістерінің басты себебі екенін айтты.
Аяулым Әмренова – бүгінгі қазақ спортының қайсар мінезін, тәуелсіз елдің рухын танытып келе жатқан атлет. Әлдетте, Джакарра Энтони, Перрин Лаффон сияқты сыралғы қарсыластары тұрғанда «жүлде менікі» деу қиын. Бәрін бәсеке көрсетеді. Тілшіміз Аяулыммен осыдан 8 жыл бұрын, өзінің тұңғыш Олимпиадасына барар кезінде тілдескен еді. Бұл үшінші ең ірі бәсекесі. Әмренова, Городко, Галышева үштігі түгел тұғыр биігіне көтерілсе, ғажап емес пе?!
Ұлжан ЖАЛЫНДАҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер