
Өскемендіктер әкіммен кездесуде бірнеше мәселені көтерді
20 ақпанда шаһар басшысы Алмат Ақышов тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Жұрт С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың әкімшілік ғимаратына жиналып, ішіндегісін айтып қалуға оқталған. Әкім алдымен 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысын тізбелеп, артынша 2026 жылға арналған жоспарды айтты. Ресми бөлік аяқталған соң, тұрғындар сұрақтар бөгеуін ағытып жіберді.
Тіркелмей тұрып жатқандар бар
Алмат Талғатұлы 2024 жылдың 11 желтоқсанында қала әкімі қызметіне кіріскен болатын. Осы уақыт аралығында бірқатар қордаланған мәселе шешімін тапқан. Әсіресе, экономика саласында оң көрсеткіштер байқалады. Мәселен, инвестиция көлемі – 114,1 пайызға, ауыл шаруашылығы – 101 пайызға, құрылыс саласы – 115 пайызға, ал тұрғын үй құрылысы 100,5 пайызға артқан.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы бірқатар маңызды нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында «Алтай» көтерме-бөлшек орталығы мен «Maxi Mall» сауда орталығы бар. Жыл басынан бері жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 53 жоба қаржыландырылып, 85 жобаға 12 млрд теңге көлемінде несие кепілдігі берілген. Сонымен қатар қалада әр сенбі сайын алты жерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгеріс байқалады. Тургенев көшесі, 30 мекенжайындағы «Үлбі» дағдарыс орталығы мен «Демеу» оңалту орталығының ғимараттары жөндеуден өткен.
– Өткен жылы қалада 155 жол учаскесі жөнделіп, оның 59-ына асфальт, 96-сына қиыршық тас төселді. Бюджет есебінен үш трамвай, ал тасымалдаушы компания қаржысына 45 автобус пен 14 шағын автобус сатып алынды. Сонымен қатар Ертіс көпірінің асты абаттандырылып, балаларға арналған алаң салынды. Қазақстан көшесіндегі «МиКен» маңы жаңартылып, демалыс орнына айналды, – деді Алмат Ақышов.
Бұдан бөлек, 22 тұрғын үйдің қасбеті жөнделген. Қала басшысы халық санына қатысты да пікір білдірді. Қазір шаһарда 400 мыңнан астам адам тұрады. Алайда тіркелмеген тұрғындарға байланысты ресми деректе 380 мың адам көрсетілген. Әкім бұл құбылысты субурбанизациямен байланыстырды.
– Егер ресми түрде халық саны 400 мыңнан асса, қаланы сол жағалау және оң жағалау болып екі әкімшілік бірлікке бөлуге болады. Бұл жағдайда коммуналдық шаруашылық жұмыстары тиімді ұйымдастырылар еді. Қазір ұзындығы 80 шақырымға созылған қалаға бір әкім мен үш орынбасары жауап береді. Ол тиімсіз, – деді қала әкімі.
Әкім серуендеген саябақ
2026 жылы қалада ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, «Саулетай» саябағы толық жаңғыртылмақ. Алмат Ақышов бала күнінде сол маңда алаңсыз серуендегенін алға тартты Әкімнің айтуынша, саябақтың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді, сондықтан биыл аумақ толық тазартылып, қайта жасалады. Сондай-ақ Студенттер аллеясы, Жасанды (Липовая) аллея, Амфитеатр аумағы және Әуезов даңғылы жаңартылады. Қаладағы екі ірі жоғары оқу орны – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ маңында студенттерге арналған жаңа демалыс аймағы салу жоспарланған. Бұл мақсатта үздік дизайн жобасына байқау жарияланады.
– Назарбаев даңғылының Спорт сарайынан Ушанов алаңына дейінгі жасыл белдеу абаттандырылады. Назарбаев көшесі, 8/1 мекенжайындағы аумақ кеңейтіліп, жаңа аллея салынады. Амфитеатр алаңына тұрақты сахна орнатылып, бірқатар мәдени іс-шаралар сонда өткізілмек. Осылайша Республика алаңы жылына тек үш рет – Наурыз, Қала күні, Конституция күні мен Жаңа жыл мерекесінде ғана жабылады, – деді шаһар басшысы Алмат Ақышов.
Әуезов даңғылындағы ғимараттардың қасбеттері кезең-кезеңімен жөнделеді. Бірінші кезеңде жеті нысан – даңғылдағы алты ғимарат және С. Нұрмағамбетов көшесіндегі №50 үй жаңартылады. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі мен тротуарлар ретке келтіріледі. Одан бөлек, биыл 12 электробус сатып алу жоспарланып отыр.
Тұрғындар қойған төмен баға
Жиын барысында қар тазалау мәселесі де көтерілді. Әкім қысқы күтім сапасы бөлінген қаржыға байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, Павлодар қаласында бұл мақсатқа 7 млрд теңге бөлінсе, Өскеменде 2,4 млрд теңге ғана қарастырылған.
– Жақында жолдарды тазарту жұмысына өзім «3» деген баға бердім, кей тұрғындар «2» деп бағалап жатыр. Мұны түсінемін. Алайда бәрі қаржыға келіп тіреледі. Техникаларымыз өте ескі. Былтыр ғана үш жаңа грейдер сатып алдық. Биыл қар қалың түсті, коммуналдық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Тұз қолданбауды сұрағандар болды, бірақ оны сеппеген жағдайда жолда шұңқырлар пайда болып, тұрғындар қайтадан наразылық білдіреді. Соңғы 35 жылда әкімді шын жүректен мақтаған адамды көрген емеспін, – деді әкім.
Өскемендіктер лифт сапасына, балабақша мен дәріхана тапшылығына қатысты сауалдарын жолдады. Пермитин көшесі, 11 мекенжайы тұрғындары лифтінің жиі істен шығатынын айтып шағымданды. Әкім бұл мәселе жеке басқару нысанына қатысты екенін түсіндірді.
Ал Бабкина Мельница шағын ауданы тұрғындарының өтінішіне жауап берген қала басшысы бұл аумақта жаңа мектеп ашылғанын, ал балабақша кезең-кезеңімен салынатынын жеткізді. Дәріхана ашу жеке кәсіпкерлікке байланысты екенін атап өтті.
Кездесу соңында әкім тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындарды жеке қабылдауға дайын екенін білдірді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер