A+ A A-

talgatzhan 23 Бүгін, 13:40 0

Өскеменде 20 отбасы баспаналы болды

Бүгін / Басты / Өскемен

Тұрғындарға пәтер кілттерін табыстамас бұрын көпқабатты үй алдында әзірлік жүргізіліп, сахна құрылды. Қазан көтеріліп, дастархан жайылды. Әкімдік өкілдері аумақты безендіріп, сағат 11:00 шамасында салтанатты шара басталып кетті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Көрісу күнгі қуаныш
Қуанышты жаңалық Есенберлин даңғылы, 62 мекенжайы алдында болды. Алдымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз алып, көпшілікті алдағы Наурыз мейрамымен құттықтады. Бұл уақытта буы бұрқыраған қазанда палау да түсірілгелі жатқан. Аула да дастархан жайылып, тәттілер мен жеңсік тағамдар өткен-кеткен адамдарға ұсынылып жатты. Айтпақшы, шараның ресми бөлігі басталмай тұрып, сахнада әнге де кезек берілген болатын.
 – Бүгін Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні, яғни Амал мерекесі. Өздеріңізді көргеніме қуаныштымын. Бұл күндері сонау ерте заманнан ата-бабаларымыз қақаған қыстан соң бір-бірінің үйіне барып, көрісіп, амандығын біліп, алдағы өміріне тек жақсылықтар тілеген, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Ол қазір қоғамдағы қолға алынып жатқан қарқынды реформалар нәтижесі көріне бастағанын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен жоспар аясында халықтың әл-ауқатын көтеру негізгі мақсат екенін алға тартты. 
– Президент тапсырмасымен үкімет, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар әзірлеп, іске асырылуда. Осының арасында ел көлемінде құрылыс, тұрғын үй саласында үлкен-үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін біз 20 пәтер берсек, жақын күндері тағы 132 пәтер кілті табысталмақ. Алдағы уақытта осы тұрғындар өз отбасын сақтап, көңіл бөліп, үйлерінде той болсын дегім келеді. Бұл көпқабатты үй Мемлекет басшысы тапсырмасы негізінде әзірленген бағдарламалар аясында салынды, – деді аймақ әкімі.
Әрі қарай 20 жанұя өкілі рет-ретімен сахнаға беттеп, Нұрымбет Сақтағанов пәтер кілттерін табыстады. Сөз арасында әкімдік өкілдері «Отбасы банк» өкілдеріне алғыстарын жеткізді. 
– Күнделікті тіршілікте ойымыз сан-саққа кетіп, көп нәрсе айтқымыз келетіндей көрінген. Бірақ бүгін ерекше толқып тұрмыз. Бұл күнге де жеттік. Балалар да бүгін не боп жатыр деп аң-таң, – деді үйлі болған тұрғындар.
Олар үшін наурыздың 14-і тек баспана бұйырған күн емес, жаңа өмірді парақтағанмен бірдей. Мәселен, 2014-ші жылдан бері үй кезегінде тұрған Мәди Сембаевтың сөзінше, осы сенбіні ешқашан ұмытпайды.
– Өзім төрт баланың әкесімін. Пәтерге қол жеткізсек қой деп көп жыл күткен едік. Енді балаларымыз өз үйінде өседі. Соған да қуанып отырмыз, – деді ол.


Баспана кімдерге бұйырды?
Қала әкімі Алмат Ақышовтың сөзінше, уақыт өте келе, пәтердің жағдайы бойынша мердігерге ескертпелер болуы мүмкін. Не дегенмен жаңа үй.
– Мердігер осында. Кемшіліктер байқалса, өз реттейді. Осы жолы көпбалалы аналарға басымдық берілді. Жалпы, Есенберлин даңғылында құрылыс қызып жатыр, – деді Алмат Талғатұлы.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 20 пәтердің 15-і – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін. Оның ішінде, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен I  топтағы мүгедектер бар. Қалған бесеуі – дәрігерлерге бұйырды. 
Облыс әкімдігі мәліметінше, былтыр барлығы 380 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланды. Бірақ ол жоспар асыра орындалып, 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында – 351 пәтер, жекелей тұрғын үй құрылысы бойынша 680 пәтер өз иесін тапты. Биылға қандай жоспар?
Ресми ақпаратқа сенсек, биыл Шығыс Қазақстан бойынша 47 (3167 пәтер) аз қабатты тұрғын үй, алты несиелік және 41 коммерциялық пәтерді қолданысқа бері жоспарға енді.
1) «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша – 94 пәтер құрылысы;
2) Тұрғындар қаржысы есебінен 83,1 мың шаршы метр жекелей тұрғын үй құрылысы жоспарланды.
Есенберлин даңғылы, 62 мекенжайындағы көпқабатты үй құрылысына жауапты болған мекеме өкілдерінің сөзінше, тұрғындар мұндағы екі және үш бөлмелі пәтерлерге орнықты. Нысан «комфорт» санатына жатады.

– Бұл жер қаладағы ең ыңғайлы учаскелердің бірі. Локация тұрғысынан төңіректі тұрғындар үшін көп нәрсе қолжетімді. Жағын шағынаудан, жаңа технология бойынша біртіндеп кеңейіп келеді. Мәселен, бір пәтерге 1,5 көлік тұрағы есептелген. Жалпы, «комфорт» санатының ерекшелігі сол, төбесінің биіктігі 2,8 метр. Сырты фиброцементті панельмен қапталған. Бұл экологиялық тұрғыда қауіпсіз. Кейбір көпқабаттың үйдің қасбеті қатты желде ұшып кетеді. Біз сол жағынан ағаттық кетпеуін ескердік, – деді «Oskemen Build» ЖШС директоры.

Бесжылдық жоспар бекітілді
Есенберлин даңғылы, 62 мекенжайын естігенде кейбірі бұл жер Жібек-маталар комбинаты ықшамауданының бір түкпірі деп ойласа керек. Әсте олай емес. Жекпе-жек сарайы, Орталық бассейн сияқты нысандардан ары аумақтағы «Спорт» шағынауданы. Құрылыс салушылар осы жағынан да локация сәтті таңдалғанын алға тартты.
– «Freshmarket» дүкені де тиіп тұр. Жуықта тағы бір мектеп құрылысы қолға алынады делініп жатыр. Аталған ықшамауданның өзі Сәтбаев пен Есенберлин даңғылының қақ ортасында. Көпқабатты үйдегі екі бөлмелі пәтерлердің аумағы – 75 шаршы метр, үш бөлмелінікі –  95 шаршы метр. Кейбірі едәуір кең, кейбірі сәл кішірек. Осы үйдің дәл артында аялдама бар, ол да тұрғындар үшін маңызды, – деді директор.
Дәл астында шағын маркет бар, дәріхана да ашылыпты. Бастысы сол, құрылыс салушылар сапа жағынан кемшілік жоқ деп сеніммен айтты. Егер қандай да бір олқылық анықталып, тұрғындар ескертпе жасаса, бірден реттеуге дайын екендерін айтты. Кепілдік мерзімі – үш жыл.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пәтерлер жағдайымен танысқан соң БАҚ өкілдеріне қосымша ақпарат ұсынды. Бірақ алдымен қазақтың «Екі тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» деген тәмсілін мысал етіп, осындай шараның Наурыз қарсаңында ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Құрылыс саласындағы жұмыс тоқтамайтынын да тағы бір бас айтты.
– Бүгінде алдағы бес жылдағы облысымызды дамыту жоспары бекітілді. Соған сәйкес біздің Өскемен алдағы 4-5 жылда 500 мың тұрғыны бар шаһарға айналуы тиіс. Осы үшін ішкі мүмкіндіктер жан-жақты зерделеніп, пысықталды. 500 мың тұрғыны бара қала болатындықтан құрылысқа ерекше мән беріліп жатыр. «Отбасы банкпен» бірлесе, 2 млн шаршы метрден асатын көпқабатты үйлер салуды жоспарға қойдық. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді Нұрымбет Аманұлы.


Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив