A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 09:40 0

Дәстүрді киім арқылы дәріптейді

Бүгін / Өскемен / Сұхбат

18 наурыз - Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күні. Өскемендік Әйгерім Жақиярова қазақы нақыштағы киімдерді әртүрлі стильдегі киім-кешекпен сәтті үйлесетіндей етіп тігумен айналысады. Өзі де үнемі ұлттық киім киіп, мәдениетіміз бен салтымызды дәріптеп жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қызығушылығын кәсіпке айналдырды

Әйгерім Жақиярова ең алғаш әжесінің ескі тігін машинасымен пердені қысқартып көрген. Қолынан келетінін сезіп, содан тігіншілікке қызығушылығы ауыпты.

– Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдер ел арасында үлкен сұранысқа ие бола бастағандықтан, күнделікті образдармен және кешкі көйлектермен де үйлесіп тұратын универсалды қазақи қажекей тіккім келді. Тек Наурыз мейрамында ғана емес күнделікті киіп жүрсек екен деген ниетіммен қызығушылығым ашылып, басқа да идеялар қосылып әртүрлі стильде қажекейлер тіге бастадым, – дейді ол.

Жеке хоббиі бірте-бірте табыс көзіне айналған. Тіккен киімдерін әлеуметтік желі арқылы саудалап, тапсырыстар ұдайы түсе бастаған. Кейіпкеріміз өз сөзінде бір киімді тігу процесі қалай өтетіндігін жеткізді.

– Ең әуелі мата таңдап аламын. Сосын сәйкес жіп тауып, матаны өңдеймін. Үтіктеп, қажет болса жуып, дублериндау қажет. Одан соң лекалосын дайындап, пішіп, көктеп, машинкамен тігіп, әр тігісін үтіктеймін. Айтып отырғаным, тек базалық жұмыс қана. Негізінен барлығы матаның түріне байланысты ғой, – дейді тігінші.

Жұмысқа кіріскенде бірінші қажекейді тігіп көреді. Себебі тігіп болған соң дайын өнімге сызатын оюды таңдау оңайырақ болады. Ол талғам мен шығармашылыққа байланысты келеді.

– Кежуал, стрит стайлдармен киіп, жеңіл, әдемі қылып, әртүрлі стильдегі киімдермен үйлестіре көрсету арқылы жастарды ұлттық киімге қызықтыра аламыз ба деп ойлаймын. Себебі ұлттық киім - ата-бабамыздан қалған, халықтың тарихын, мәдениетін көрсететін мұра. Сондықтан оны өскелең ұрпаққа насихаттай беруіміз керек. Ұлттық киімдегі әр өрнек, әр ою, тіпті түстердің үйлесімі жұртымыздың әдеп-ғұрпы мен руханиятының айнасы, – дейді Әйгерім Жақиярова.


«Төл мәдениетімізді бірге насихаттайық!»

Оның тіккен киімдері ішінен қазіргі таңда қажекейлерге, «Мамасы мен қызы» атты тұсаукесерге арналған екеуліктерге сұраныс жоғары.

– Тапсырыспен тіккенде клиентімнің жеке талғамына, ұсыныстарына баса мән беремін. Сондықтан болар, әрқашан жақсы пікірлерімен қуантып жатады. Мамасы мен қызына арналған екеуліктерім есте қаларлықтай болып шығып жатыр деген ойдамын. Интернет дүкенім – «Siluet.kzz этно жилеттер» деп аталады, – дейді тігінші.

Сөз соңында ол Наурызнама онкүндігі аясындағы Ұлттық киім күні баршамызды бірлікке, рухани жаңғыруға, ата дәстүрді дәріптеуге үндейтінін тілге тиек етті.

– Тек Наурызда ғана емес, басқа күндерде де ұлттық киім киіп, төл мәдениетімізді бірге насихаттайық! Сонда терең тарихымыз бен бай дәстүріміз мәңгі өшпейді. Келе жатқан әз Наурыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз әрқашан ашық болғай!, – дейді Әйгерім Жақиярова.


Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив