ШҚО Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңірдегі колледждердің бірінде болған бірқатар бопсалау фактісінің жолын кесті. Қылмыстық әрекетке ауданның 17 жастағы тұрғыны күдікті деп танылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдын ала мәліметтер бойынша зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен бір миллион теңгені құрады.
- Сотқа дейінгі тергеу материалдарына сәйкес оқиғалардың бірінде күдікті мен жәбірленуші арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Осы сәтте күдікті психологиялық қысым көрсету арқылы жәбірленушіден 160 мың теңгеден астам қаражат талап еткен. Осындай әдіспен басқа да студенттер қымбат смартфондарынан және ақшалай қаражаттарынан айырылған. Жастар бұл ақшаны достарынан қарызға алған немесе микрокредит ретінде ресімдеген Сонымен қатар, күдіктіге өз құрдастарын заңсыз бас бостандығынан айырды деген айып тағылып отыр, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
Қазіргі уақытта сот шешімімен кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты «үйқамақ» бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы «Бопсалау» және 126-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
ШҚО Полиция департаменті ата-аналарды, ұстаздарды және жұртшылықты өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, құқық бұзушылық белгілеріне дер кезінде назар аударуға және жастардың дамуы үшін қауіпсіз ортаны бірлесе қалыптастыруға шақырады.
Пікірлер