Наурыз айынан бастап елдегі қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерінде азаматтарды кезекті көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл – елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды науқанның бірі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көктемгі шақырту науқаны басталғалы ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне мерзімді әскери қызметке алынған сарбаздардың үш тобын жинақтап, белгіленген орындарға жөнелтті. Болашақ шекарашылар алғашқы әскери дайындықтан өтіп, мемлекеттік шекараны қорғау міндетін атқаруға кіріседі.
Сәуір айынан бастап әскерге шақырту алған азаматтарды ҚР Қарулы Күштерінің қатарына, кейін басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарына кезең-кезеңімен жіберу жоспарланып отыр. Жас сарбаздар құрлық әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери-теңіз күштері және өзге де бөлімдерде қызмет етеді.
Әскерге шақыру науқаны барысында шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, шақыртушылардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына арнайы дербес шақырту қағаздары жеткізіледі. Сонымен қатар заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жолдануда. Бұл тәсіл азаматтарды жедел әрі тиімді түрде құлағдар етуге мүмкіндік береді.
- Әскерге шақыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ашық әрі әділ жүргізілуде. Медициналық тексерулерден өткен, денсаулығы жарамды азаматтар ғана әскери қызметке жіберіледі, - деді Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі, подполковник Жәнібек Сапаров.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны алдағы айларда да жалғасып, белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылмақ.
Пікірлер