Наурыздың 28-29 күндері қаладағы драма және оперетта театрының әртістері шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін «Ангел в тюбетейке» спектаклін сахналады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қойылым бүккен қоғамдағы мәселе
Жергілікті өнерпаздар көрермен ішек-сілесі қатып күлетін қойылымдарды аз ұсынып жүрген жоқ. Бұл жолғысы да көпшілік көңілінен шығып, бір емес, екі күнде ел-жұрт әжептәуір серпіліп қайтты. Бұл музыкалық спектакль. Әдепкі диалогтардан ауытқып, актерлер жанрға да жаңашылдық енгізген. Екі тілде өтсе де, меймандар сценарий желісін соншалық жеңіл қабылдады. Қоюшы-режиссер Роман Степенский жылы юморға айрықша мән берген екен. Қоғамдағы мәселені қазіргі жастар тілімен шебер жеткізіп, екінші сыңарын таппай жүрген жігіттерді біраз ойландырып тастады. Жалпы, тұсаукесерде махаббат пен отбасы, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығы тақырыптары шынайы сезіммен көркем жеткізілді. Кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі мен тағдыры арқылы адам болмысының терең қырлары ашылды.
– Биыл оперетта театрының екінші маусымы. Халықтың келуі де көңіл қуантады. Облыста төрт тетарымыз бар. Олардык саны көбейе берсін, өнер ордасы көбейе берсін. Сонда келешек ұрпақ та мәдениет желкенін биік көтереді, – деді театр директоры Руслан Қайырсынов.
Көрініс көптің көңілінен шықты ма?
Аталған қойылым көпшілік үшін өзекті дүниені заманауи тұрғыда қайта пайымдап, рухани өзегін сақтай білген. Жібек-маталар комбинаты ықшамауданынан келген ұстаздар сөзінше, сахнадағы әр көрініс бүгінгі көрермен талғамына сай ұсынылды.
Қойылымды әр жастағы тұрғын көзқарасына икемдей білген режиссер Роман Степенскийдің ойынша, бұл қойылым ұлттық қазақы бояуы бар, көпшілікке сүйікті фильм негізінде жасалғандықтан, көрермен көңілінен шығатыны сөзсіз.
– Біз оны «Ангел в тюбетейке» фильмі желісімен қойдық, яғни оқиға қазіргі заманда өтеді. Әрине, қойылымды сахналау барысында қиындықтар болды. Соған қарамастан, әртістер талантты, кедергілерге мойымады, – деді ол.
Айта кетейік, спектакльде театр солистері, хоры, оркестрі мен балет әртістері бірлесе өнер көрсетті. Вокал, би және актерлік шеберлік әдемі үйлесіп, сахнада өзгеше көркем әлем қалыптастырды. Эмоция жағынан алғанда да, қалалықтар сәт сайын бірде таңданып, бірде тоқтаусыз күліп, күйбең тірлікті бір сәтке ұмытқандай көрінді. Әсіресе, басты рөлдегі Тайлақтың сөзі де, өзі де жұрты жадында ерекше сақталды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер