Қазақстанда көші-қон заңнамасына қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті күшейту және көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында республика көлемінде өткізілген “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған. Оның ішінде 4 мыңнан аса шетел азаматы елде болу талаптарын бұзса, 2700-і заңсыз жұмыс істеген.
Бірақ назар аударатын тұс — 2200 қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияға уақытылы хабар бермеген. Яғни, заң бұзуға жергілікті азаматтардың өзі жағдай жасап отыр.
Жұмыс берушілер де жауапкершіліктен тыс қалмаған.
500-ден астам кәсіпкер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланды. Жалпы айыппұл көлемі 200 млн теңгеден асты, - деп мәлімдейді министрлік.
Рейдтің тағы бір нәтижесі — елде заңсыз жүргендерге қатысты нақты шаралар.
1 500 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылып, 1 200 елден шығару туралы сот шешімі қабылданған.
Соның ішінде 121 адам мәжбүрлі түрде шығарылды, ал олардың сегізі радикалды ағым өкілдері ретінде танылды. Барлығына 5 жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды, - дейді министрлік.
Сонымен қатар, шекараны заңсыз кесіп өту, заңсыз көші-қон ұйымдастыру және шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу фактілері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ рейд барысында іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды. Олар түрлі қылмыс бойынша көрші елдерде іздеуде болған.
Пікірлер