Президенттің әскери қызметшілерді запасқа босату және азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлығын іске асыру мақсатында Үкімет қаулысы қабылданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы наурыз - маусым және қыркүйек - желтоқсан айларында 18–27 жас аралығындағы, кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырудан босатылуға құқығы жоқ 43 231 ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ әскерге шақыру науқанын белгіленген мерзімде өткізу тапсырылды. Сонымен бірге шақыру пункттерін заңнама талаптарына сай медициналық қызметпен қамтамасыз ету міндеттелді.
Ішкі істер министрлігіне әскерге шақырылушыларды жинау және әскерге аттандыру орындарында қоғамдық тәртіпті күшейту жүктелді.
Көлік министрлігі Қорғаныс министрлігінің өтінімдері негізінде мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар мен запасқа босатылған әскери қызметшілерді Қарулы Күштерге, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Мемлекеттік күзет қызметіне жеткізуді ұйымдастырады.
Сондай-ақ Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктеріне тасымалдау қызметін көрсеткен ұйымдардың шығындарын республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде өтеу тапсырылды.
Қаулы 20 наурыздан бастап күшіне енді.
Пікірлер