Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жуырда өткен «Алтайым – алтын бесігім» атты республикалық командалық айтыста қарағандылық қарсыластарынан басым түскен Шығыс Қазақстан облысының ақындары мен дәстүрлі өнерпаздарын қабылдап, жеңістерімен құттықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Айтыс - қазақтың ақсүйек өнері, рухани қазынасы. Командалық айтыста абыроймен өнер көрсетіп, елдің ыстық ықыласына, шынайы қошеметіне бөлендіңіздер. Ерекше форматтағы жобаға тыңғылықты дайындықпен келгендеріңізді паш еттіңіздер. Енді келесі кезеңде де жемісті өнер көрсетулеріңізге тілектеспін!, - деді ШҚО әкімі.
Өңір басшысы өз сөзінде облыста ұлттық өнерді, мәдениетті дамытуға баса көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.
- Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөз бар. Өнерге бет бұрған адам жамандықтан тыйылады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейте береміз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шығыс Қазақстан командасының жетекшісі, белгілі айтыскер ақын Серік Құсанбаев айтысты басынан соңына дейін тамашалап, қолдау білдірген облыс әкіміне алғыс айтты.
- Келесі айналымға әзірлікті қазірдің өзінде бастап кеттік. Сенім білдіріп, қамқорлық көрсеткен өзіңізге мың алғыс! Сеніміңізді ақтауға тырысамыз, - деді ол.
Айта кетейік, командалық айтыс жобасы 2024 жылдан бері «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып келеді. Жобаның авторы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай. Жобаның барлық кезеңіне төрелік етіп келе жатқан - айтыс өнерінің абызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.
Пікірлер