A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 17:00 0

Елде су тасқыны қаупі бар жол учаскелері азайды — ҚазАвтоЖол

Бүгін / Республика

Көктемгі су тасқыны жағдайында автожолдардағы ахуал тұрақты. Бұл туралы «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

— «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы су тасқыны кезеңі басталғалы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Республикалық маңызы бар автожолдарда қауіптің алдын алу және салдарын азайту үшін барлық қажетті күш пен техникалар жұмылдырылды. 2026 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша автожолдардағы ахуал тұрақты және оң динамика байқалды. Атап айтқанда, 284-тен (2024 жылы) 184-ке дейін (2026 жылы) азайды. Ал олардың жалпы ұзындығы 206 шақырымнан 83,3 шақырымға дейін қысқарды. Сонымен қатар су жайылу жағдайлары 174-тен 2 жағдайға дейін төмендеді. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті, — деді Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, су өткізу инфрақұрылымын дамыту да маңызды нәтиже берді. 2025 жылы жалпы 582 су өткізу құбыры орнатылды. Оның ішінде 162-сі қайта жаңарту жобалары аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде, ал 366-сы орташа жөндеу барысында жүзеге асырылды. Ал 2026 жылы тағы 201 құбырды жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыстар қар еріген кезеңде судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.

— Жалпы ұзындығы 25 мың шақырым автожолдар желісінде 1 429 көпір және 15 458 су өткізу құбыры бар. Су тасқынына дайындық аясында олардың барлығы толық тазартылды. Қазіргі кезде еріген суды өткізу үшін 974 құбыр пайдаланылып жатыр. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 988 техника тартылып, арнайы кезекші бригадалар жасақталған. Барлық қызмет проблемалы учаскелерге жедел шығуға дайын. Қазіргі уақытта жолдардың жағдайы тәулік бойы бақылауда. Үздіксіз патрульдеу жүргізіліп, гидрологиялық жағдайдағы кез келген өзгеріске жедел әрекет жасалып келеді. Барлық жұмыстар нақты уақыт режимінде үйлестіріледі, — деді компания басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, «ҚазАвтоЖол» мекемесі республикалық маңызы бар жолдарда су басу қаупі жоғары учаскелер туралы ескертетін ақпараттық паннолар орнатып жатыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив