Облыс орталығында теміржол қауіпсіздігі мәселесі қайтадан өзекті тақырыпқа айналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, теміржол маңындағы тәртіп бұзушылықтар азаймай отыр. Бұл – тек теміржол қызметкерлерін ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдататын күрделі мәселе.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Өскемен жол дистанциясы қызмет көрсететін 252,6 шақырым теміржол учаскесінде пойыз машинистері 29 рет шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Бұл жағдайлардың басым бөлігі – адамдардың, автокөліктердің және малдың теміржолға шығуына байланысты орын алған. Атап айтқанда, 5 жағдайда теміржол бойында адамдардың болуы тіркелсе, 3 жағдайда автокөліктер өткелде немесе жолда пойыздың алдын кескен. Ең алаңдатарлығы – 16 жағдайда мал теміржолға шығып кеткен. Сондай-ақ жабайы жануарлар мен бөгде заттар да қауіп төндірген.
Шұғыл тежеу – жай ғана техникалық әрекет емес. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін төтенше жағдай. Әрбір осындай оқиға қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, пойыздардың кешігуі, жанармай шығынының артуы және қосымша шығындардың көбеюі секілді салдарлары да бар.
Мамандардың айтуынша, қауіптің негізгі себебі – қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеу. Теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өту, малды қараусыз жаю, өткелдерде тәртіп сақтамау – осындай оқиғалардың басты себептері.
Теміржол – жоғары қауіп аймағы. Сондықтан әрбір азамат өз қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс. Қарапайым ережелерді сақтау – өз өміріңізді ғана емес, өзгелердің де өмірін қорғау екенін ұмытпаған жөн.
Қауіпсіздік – ортақ міндет. Ал жауапкершілік – әрқайсымыздың қолымызда.
Пікірлер