Қазір қаладағы ұн тарту және құрама-жем комбинаты өндірісін жаңғырту жұмыстары бірқалыпты жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кәсіпорын бірыңғай кешенді бағдарлама аясында 1,9 млрд теңге көлемінде несие алып, оның 920 млн теңгесіне жаңа қондырғылар сатып алған.
Кәсіпорын директоры Тимур Тиловтың сөзінше, комбинаттағы барлық құрылғы Түркияда өндірілген. Ескі жабдықтарды жаңасына ауыстыру өндіріс тиімділігін арттырып, сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді.
– Кәсіпорын заманауи өндірістік-техникалық базаға ие. Оның құрамына диірмен кешені, элеватор және логистикалық инфрақұрылым кіреді. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, экспортқа да шығарылады. Компания өндірістік көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Сонымен қатар өндірістік желілер жаңғыртылып, энергия тиімділігі арттырылуда, – деді өндіріс директоры.
Бүгінде кәсіпорында 53 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ биыл қызметкерлерге арналған жатақхана салу жоспарланған.
Жаңғырту жұмыстары кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Тимур Тилов мұнда әзірленген мал азығы оңтүстік өңірлерге экспортталатынын жеткізді.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер