Аудандық білім беру бөлімінің Ахмет Байтұрсынов атындағы №5 жалпы білім беретін орта мектеп-балабақша кешені – өңірдегі мемлекеттік тілде білім беретін бірегей білім ордасы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Білім беру мекемесі 2007 жылы құрылып, 2013 жылы жаңа ғимаратқа көшірілді. Мектеп 320 оқушыға арналғанымен, қазір мұнда 375 оқушы білім алуда. Сонымен қатар даярлық тобы, екі балабақша тобы және интернат жұмыс істейді.
Мектеп директоры Салтанат Серікқызының айтуынша, білім сапасы 65 пайызды құрайды. Соңғы жылдары білім ордасының материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай нығайтылған.
– 2024–2025 жылдары мектеп қазақстандық қайырымдылық қоры тарапынан 249 млн теңгеден астам қаражатқа заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, химия, биология кабинеттері, робототехника сыныбы және арт-студия ашылды. Сондай-ақ домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Бүгінде оқушылардың 24 пайызы тегін үйірмелермен қамтылған. 2024–2025 оқу жылында еліміздегі «100 үздік мектептің» қатарына ендік, – деді мектеп директоры.
Ал тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Жанерке Құдайбергенованың сөзінше, мектепте оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
– Бүгінде оқушыларға телестудия бағыты бойынша сабақ беріп келеміз. Телестудия аясында түрлі жоба жүзеге асырылып, оқушылар қонақтармен еркін сұхбат жүргізеді. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру барысында оқушылар өзара міндеттерді бөлісіп, тәжірибе жинақтайды. Мектепте арнайы YouTube арнасы бар, барлық бейнематериал сол жерге жарияланады, – деді ол.
Аталған білім ордасы өңірдегі қазақ тіліндегі білім беруді дамытуда маңызды рөл атқарып келеді.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер