Үш ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептер еліміздің қай өңірлерінде көп кездеседі? Биыл ел аумағында қанша жаңа мектеп салынады? Бұл сұрақтарға ҚР Оқу-ағарту министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп салынды. Осы шаралардың нәтижесінде еліміздегі үш ауысымды мектептердің саны 4 есе, апатты мектептердің саны 2 есе азайды, ал оқушы орындарының тапшылығы 4 есе қысқарды. Қазіргі кезде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істеп тұр, олардың шамамен 1 пайызы үш ауысымды мектептер. Бұл мектептердің басым бөлігі Алматы облысында орналасқан, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды оқыту және апатты мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ қалалар мен ауылдар арасындағы білім беру инфрақұрылымы сапасының айырмашылығын төмендету мақсатында елімізде жаңа нысандарды салу мен реновациялау бойынша бірқатар бастама қарқынды іске асып жатыр. Осы орайда биыл 50 мың оқушы орнына арналған 92 жаңа мектеп салу жоспарланған.
Пікірлер