
Өңір дамуына ықпал ететін кадрлар дайындауға басымдық береміз – ШҚУ ректоры
Аталған университеттің басқарма төрағасы-ректоры Мұхтар Төлеген ең алдымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму сатысында мемлекет алдында тұрған басты міндет – қабылданған стратегиялық шешімдердің нақты нәтижелерге ұласуын қамтамасыз ету екенін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Студенттер саны сегіз жылда күрт артқан
Басқарма төрағасы сөз басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы ел дамуының негізгі бағыттарын айқындаған маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
– Бұл жиында Мемлекет басшысы жүйелі реформаларды тереңдету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ адам капиталының сапасын көтеру мәселелеріне айрықша назар аударды. Президент өз сөзінде экономикалық өсімнің тұрақтылығы ең алдымен білімді, білікті және ғылымға бейім ұлт қалыптастырумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл – жоғары білім беру жүйесіне, ғылыми-зерттеу институттарына және университеттердің қоғамдағы рөліне қойылатын талаптардың күшейе түскенін білдіреді, – деді ректор.
Қазір білім мен ғылым тек салалық бағыт емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық ресурсқа айналған көрінеді. Мұхтар Төлегеннің сөзінше, кеңейтілген отырыста адами капиталды дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Соның ішінде білім беру сапасын арттыру, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ.
– Мемлекет басшысы университеттер тек білім берумен шектелмей, инновация мен ғылыми ізденістің орталығына айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл міндеттер Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті үшін де аса өзекті. Аймақтық жоғары оқу орны ретінде біз өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін кадрларды даярлауды басты басымдық ретінде қарастырамыз, – деді басқарма төрағасы.
Мәлім болғандай, университетте білім беру бағдарламаларын жаңғырту, дуалды оқыту жүйесін дамыту, жұмыс берушілермен тығыз әріптестік орнату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда соңғы сегіз жылда студенттердің саны 4000-нан 10 000-ға дейін өсті. Ректор ойынша, бұл аймақтық білімнің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанының белгісі.
Су сапасына қатысты сәтті жоба
Ғылым саласына қатысты Президенттің тапсырмалары да университет қауымдастығы үшін маңызды бағдар саналады. Мұхтар Әділбекұлы ғылыми зерттеулердің практикалық тиімділігін арттыру, жас ғалымдарды қолдау, қолданбалы ғылымды дамыту – бүгінгі күннің басты талабына айналғанын баса айтты. Бұл ретте гранттық қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, зерттеу инфрақұрылымын нығайту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту ерекше мәнге ие.
– Шығыс Қазақстан өңірінің ерекшелігін ескере отырып, университет базасында экология, өңдеу өнеркәсібі, цифрлық технологиялар, педагогика және медицина салалары бойынша ғылыми жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар аймақтың нақты мәселелерін шешуге бағытталып, ғылымның қоғамға қызмет ету қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Мұхтар Әділбекұлы.
Ректор мысал ретінде университет ғалымдары су сапасын жақсартуға бағытталған маңызды ғылыми жобаны сәтті жүзеге асырғанын мысал етті. Бүгінде 3 сатылы су тазарту фильтрін өндіру технологиясын коммерцияландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Президент атап өткен «нақты нәтиже» ұғымы дәл осындай ғылыми-білім беру бастамаларымен тікелей байланысты.
Сонымен қатар кеңейтілген отырыста цифрландыру мен басқару тиімділігі мәселелері де қозғалды. Білім беру жүйесінде бұл – оқу процесін цифрлық форматта жетілдіру, академиялық адалдықты қамтамасыз ету, деректерге негізделген басқару шешімдерін қабылдау деген сөз. Университетімізде бұл бағытта да нақты қадамдар жасалып, заманауи білім беру экожүйесін қалыптастыру жолға қойылуда, – деді ректор.
Ол ойын қорытындылай келе, Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойылған міндеттер білім мен ғылым саласына жаңа серпін беріп отырғанына сенім білдірді. Жүйелі реформалар мен нақты нәтижелерге қол жеткізу – баршамызға ортақ жауапкершілік. Университет қауымдастығы Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарды іске асыруға белсенді атсалысып, ел болашағы үшін бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса беретінін де жеткізді.
Фотосурет: ШҚУ баспасөз қызметінен
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер