Қаладғы ірі сауда орталықтарының бірінде бірнеше рет жасалған ұрлық фактісі тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тергеу мәліметтері бойынша қаңтар-ақпан айлары аралығында ер адам сауда залынан бірнеше рет жасырын тауар ұрлап келген.
- Ер адам өз әрекетін ешкім байқамаған сәттерді пайдаланып, заттарды сыртқы киімінің астына жасырып, ақысын төлеместен дүкеннен шығып кетіп отырды. Осылайша, барлығы 80 қорап «Merci» шоколадын ұрлаған. Бұдан бөлек, күдікті косметикалық құралдарды, азық-түлік пен жеке гигиена заттарын да жымқырған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан сауда ұйымына 250 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілді, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ресми ақпаратында.
Кезекті ұрлық әрекеті кезінде күдіктінің жеке басы ШҚО ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен анықталып, ұсталды.
Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Пікірлер