Өңірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жалғасуда. Наурыз мейрамы қарсаңында Зайсан ауданының Қаратал ауылында 18 отбасы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жаңа үйлердің кілтін алып, қоныстойын тойлады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл күн ерекше мәнге ие болды. Жаңару мен жаңа бастамалардың символы саналатын мейрамда тұрғындар тек баспанаға ғана емес, ертеңгі күнге деген сенім мен жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды.
Жаңа қоныс иелері – көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындар. Барлық үй толықтай тұруға дайын: газ, ауыз су тартылған, кәріз жүйесі жұмыс істейді.
Қаратал ауылдық округінің әкімі Мереке Сайрановтың айтуынша, бағдарлама аясында округте заманауи үйлер салынып, 18 отбасы баспанамен қамтылды. Оның ішінде 8-і көпбалалы отбасы болса, 10-ы әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жатады.
Қоныстой иелерінің бірі – көпбалалы ана Құралай Әлібаева. Оған кең, төрт бөлмелі үйдің кілті табысталды.
- Наурыз мейрамында көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. Бұл – отбасымыз үшін үлкен бақыт. Қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтамыз. Осындай үйлер мұқтаж отбасыларға көбірек берілсе екен, – деді ол.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қараталда Наурыз жыл сайын жоғары деңгейде өтеді. Сондай-ақ ауыл халқы елдімекеннің дамуындағы оң өзгерістерді атап өтіп, Мемлекет басшысы мен облыс басшылығына ауылдағы өмір сапасын арттыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Кілт табыстау рәсімінен кейін қонақтар жаңа үйлерді аралап, тұрмыс жағдайымен танысты.
Пікірлер