Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Үкіметтегі брифинг барысында журналист министрлік бұрын 500-ден астам сот отырысына қатысып, 15 университетті жапқанын еске салып, бұл бағыттағы жұмыстардың қазіргі жағдайын сұрады.
- Бұл процесс жалғасты. Мәселен, алдыңғы жылы Ақтөбеде Қазақстан-Ресей халықаралық университеті толықтай жабылды. Өздеріңізге мәлім, шусыз өтті. Акционерлермен келісіп, студенттерін басқа университеттерге жібердік. Атырауда бір университет жабылды, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бұл бағыттағы сот процестері жалғасып жатыр.
- Қазіргі уақытта Шымкентте Жоғарғы сот деңгейінде сот болып жатыр. Шымкенттегі өңірлік инновациялық университет бар, солармен де сот жүріп жатыр. Бұл жұмыс жалғасып жатыр, – деді ол.
Сонымен қатар ведомство басшысы қандай заңбұзушылықтар анықталғанын да түсіндірді.
- Білімнің сапасы жоқ. Тиімсіз, құжатсыз балаларды қабылдайтын университеттерді жаппай жауып жатырмыз. Өзім келгелі 3 университет лицензиясынан айырылды, – дейді министр.
Еске салсақ, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым, стартап және өндіріс бір жүйеге бірігетінін айтып, жаңа модельді таныстырды.
Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Economic Complexity Index бойынша 55-орында тұр. Саясат Нұрбек жүйедегі негізгі проблемаларды атады.
Сонымен қатар, министр Қазақстанда жасалған рак дәрісінің құнын атады. Ол аталған препараттың негізгі компоненттері қолжетімді әрі арзан екенін айтты.
Министр кей мамандықтарды қысқа мерзімде оқытуды бастағанын да жеткізді.
Пікірлер