Бүгін қала әкімі Алмат Ақышов жаңадан сатып алынған қоғамдық көліктердің сапасымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
“Voska” көлік компаниясының автопаркіне жолаушыларды тасымалдау үшін 12 автобус әкелінді. Шаһар басшысы Алмат Ақышовтың сөзінше, соңғы 2-3 жылда қоғамдық көліктерді жаңарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
- Қала тұрғындарын тасымалдауға арналған автобустарды жаңарту облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тікелей бақылауында. Бүгін әкелінген 12 қоғамдық көліктің біреуі - гибридті автобус, яғни ол тоқпен жүреді. Ал қалғандарының экологиялық стандарттары жоғары. Сондықтан қала экологиясына оң нәтиже береді деп сенеміз, - деді Алмат Ақышов.
Саран қаласында шығарылған автобустар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай қарастырылған. Тіпті жолаушылар телефонын орындық жанындағы арнайы тоқпен қуаттай алады.
Айта кетейік, бүгінде қала автопаркінің 65-70%-ы жаңартылған. Қала әкімдігінің өкілдері бір-екі жылдың көлемінде автобустарды толық жаңартып, бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Пікірлер