Қазақстанда алаяқтардың жаңа схемасы анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ескерту жасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қаскүнемдер өздерін ірі компаниялардың, мемлекеттік органдардың немесе жоғары оқу орындарының басшылары ретінде таныстырып, азаматтарды алдауға тырысады. Олар жалған аккаунттар мен бөтен нөмірлерді пайдаланып, адамдарға телефон немесе мессенджерлер арқылы хабарласады.
Алаяқтар әңгіме барысында деректердің таралуы немесе қаржының ұрлану қаупі бар екенін айтып, жағдайды әдейі ушықтырады. Сонымен қатар жедел әрекет етуді талап етіп, психологиялық қысым көрсетеді.
Одан кейін азаматтарға «мамандар» немесе «құқық қорғау органдарының қызметкерлері» хабарласатыны айтылып, олардың нұсқауларын бұлжытпай орындау талап етіледі. Нәтижесінде тұрғындар өз қаражатын «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіріледі. Ақша алынған соң, алаяқтар байланысын бірден үзіп кетеді.
ІІМ мәліметінше, қаскүнемдер нөмірді ауыстыру, дауысты өзгерту секілді заманауи технологияларды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.
Министрлік өкілдері банктер мен мемлекеттік органдар қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін ескертті.
Осыған байланысты азаматтарға бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамау, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру және күмәнді жағдай туындаса, бірден құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.
Пікірлер