Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үй секторында 287 өрт тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға артық.
– Өрт салдарынан 21 адам көз жұмып, 21 адам жарақат алды. Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі өрт қауіпсіздігі талаптарының қарапайым ережелерін бұзумен және тұрғын үйлердің қанағаттанарлықсыз жағдайымен байланысты, - деді Рашид Блялов.
Айта кету керек, тұрғын үй секторы азаматтық қорғау органдарының бақылауына жатпайды. Департамент тарапынан өрттердің және адамдардың қаза болуының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
– ШҚО ТЖД қызметкерлері 91 000-нан астам үйді аралап, қауіпсіздік шаралары, пештер мен электр жабдықтарын пайдалану ережелерін түсіндірді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын, пешпен жылытылатын 2 763 үй бақылауда. Оларды тексеру барысында 700-ден астам бұзушылық белгілі болды. Анықталған бұзушылықтарды жою жұмыстары жүргізіліп, пештер мен электр сымдарын жөндеуге қосымша көмек көрсетілуде. Әлеуметтік осал азаматтардың үйлерінде 680 көміртек тотығы датчигі орнатылды, - деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов.
Соңғы 6 жылда 17 мыңнан астам датчик орнатылып, 45 адамның өмірі құтқарылды, оның ішінде 31 бала бар.
Өрт туындаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.
Пікірлер