A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 16:20 0

Бес Олимпиадаға қатысқан Юлия Галышева спорттық мәнсабын аяқтады

Бүгін / ШҚО / Спорт

Наурыздың 31-і күні Теннис орталығында осыған қатысты арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, анық-қанығы, себебі, алдағы жоспар айтылды. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, бас бапкер Елена Круглыхина және Юлия Галышеваның өзі болды. Одан бөлек, бапкерлер мен БАҚ өкілдері қатысып, тараптар емен-жарқын әңгімелесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Есте ерекше сақталған жарыс

Ең алдымен Асқар Байжігітұлы сөз алып, фристайл-могулдан ел намысын ірі бәсекелерде абыроймен қорғаған спортшының жүріп өткен жолына қысқаша тоқталды. Ол Юлия Галышеваның 20 жыл көлемінде төртжылдықтың басты бәсекесінде кіл мықтыларды қарсы тұруын, сол аралықта отбасы мен жақындарын көрмей жаттыққанын атап өтті. Жерлесімізге қарап, фристайл спортына ден қойғандар саны артып, халықаралық бәсекелерде үздік шығып жүрген ұл-қыздар саны көбейгенін жеткізді. Ал Ұлттық құраманың бас бапкері Елена Круглыхинаның сөзінше, шәкіртінің үлкен спорттан кететіні шынымен тарихи оқиға.

– Юлия Евгеньевнамен 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Қоштасуға қимай тұрмыз. Бірақ бұл спорт. Адами ресурс шектеулі, әрі кәсіби спортшы айлап үй бетін, туыстарын көрмейді. Олар толыққанды бізге, яғни бапкерлерге тиесілі. Оған және бізді қолдаған барлығына алғыс білдіреміз. Юлияның спорттық мәнсабы мінсіз. Ол елде емес, әлемдік деңгейде атақ-дәрежесі мол фристайлшылардың бірі. Әлем чемпионаттары мен универсиада бар, бірақ Олимпиада ойындары соның шыңы. Ол 2018 жылы қола медаль иеленді, – деді ол.

Елена Круглыхина Асқар Можановтың осы уақытқа шейін әкелеріндей болып кеткенін, осы спорт бойынша үнемі қолдағанын бөле-жара айтып кетті.

– Барлық фристайлшы Өскеменде әзірлік жасап, ірі бәсекелерде бақ сынады. Бұрынғыдан да жоғары жетістіктерге жетіп, үміт күттірер жастар саны артып келеді, – деді бапкер.

Үшінші кезекпен сөз алған Галышева спортшылардың жетістігі мен әралуан жаңалықты жариялап, бөлісіп отыратын фотографтар мен журналистерге ризашылығын білдірді. Толағай табыстарға жетуі дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жаттықтырушылар демеуімен байланысты екенін жасырмады. Осыны айтқан соң БАҚ өкілдері біртіндеп сауалдарын қоя бастады. Солардың алғашқысы фристайлшы үлкен спорттан кеткен соң бапкер болғысы келе ме, жоқ па деген сұрақ. Ол бірден ашып айтып кетті: Галышева жаттықтырушы болуды ойлап жүрген жоқ, тек атлет ретінде ғана көрген. Ал қазіргі жағдайда алға қойып отырған нақты жоспары жоқ екен. Тісқаққан спортшыдан өзі үшін ең есте қалған жарыс қайсы екенін де сұрады.

– Әлем чемпионаты болуы керек. Себебі, оған дейін қола мен күміс иеленіп үлгерген едім. Әр қадам біртіндеп осыған әкеле жатты. Ондай нәтижені өзім де күтпеген едім. Алтыншы орында тұрып, бірінші орынға бір-ақ көтерілдім. Қарсыластардың ешбірі оңай шағылар жаңғақ емес. Үздік алтылыққа алтыншы болып ендім. Негізгі финалға өтемін бе, жоқ па деп қатты толқыдым. Сосын мойынға алтын медаль тағылған сәтті қалай ұмытайын? – деді спортшы.

Кәсіпке де көңіл бөліп жатыр

Соңғы жылдары фристайл-могул АҚШ пен Жапонияда да қатты дамып жатыр. Оны Олимпиада жүлдегері де растады. Айтуынша, алдағы жылдары осы екі ел, сосын Аустралия мен Франция үздік қатарына ұмтылуы мүмкін. Әлбетте, оларға шығысқазақстандық атлеттердің қарсы тұруы тиіс екенін де жасырмады. Көп спортшы әлемдік аламандарда жүріп өзіне жаңа таныс, достар тауып жатады. Қызығы сол, Юлия Галышеваның өз қарсыластары ішінде, жалпы фристайл спортында жақын араласып кеткен адамы жоқ. Спорттық мәнсабында ешбірімен достық қылын жалғамаған. Бәлкім, жеңіске жету жолында мұның қажеті де жоқ шығар деп ойладық. Мана Галышева үлкен спорттан кеткен соң бапкер болуды ойламайтынын жаздық. Журналистер бірі одан алдағы жоспарын сұрап, осы жағын тағы бір түртпектеді.

– Нақты не істейтінімді әлі жобаламадым. Қазір өзімнің шағын кәсібім бар. Соны дамытсам деймін. Спорт саласында қалуым екіталай, – деді Олимпиада жүлдегері.

Ендігісі сол, Галышева 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында Қысқы Олимпиада ойындарының қоласын алғандағы қуанышты сәтті басқа спортшылар сыйлауы керек. Ол үшін жаттығуға арналған мүмкіндіктер мен инфрақұрылым дұрыс болуы тиіс. Мұны басқарма басшысы да растады. Айтуынша, фристайл-могул – бұқаралық спортқа жатпайды. Себебі, фристайлшылардың әр қимылы қауіпті, әр секіріс жарақат әкелуі мүмкін. Былайша айтқанда, 5-ші қабаттан төмен қарағанда жүрек қалай көтерілсе, спортшылар жарыс жолына шыққанда жылдам жүріп, арасында сальто жасаулары тиіс. Екінің бірінің жүрегі дауаламайтыны анық.

Галышеваның ендігі ізбасары кімдер? Осы сұрақ та қойылды. Кеше ғана мәнсабын аяқтаған атлеттер бұрымдылардан Анастасия Городко, жігіттерден Павел Колмаковты атап өтті. Әлемдік деңгейде әлеуеттері жоғары көрінеді. Сәлден соң Канада, Франция, Жапония сияқты елдердің спортшыларына төтеп беру үшін біздің спортшыларға қай жағынан дайындықты күшейту керек деген сауал қойды. Бұған бас бапкер Елена Круглыхина жауап берді.

– Ең алдымен көп еңбектену керек. Басқа командалардан бәлендей айырмашылығымыз жоқ. Тіпті, кей тұрғыда басымдыққа иеміз. Спортшыларымыз ұсынатын акробатика өте әдемі. Жасыратыны жоқ, сегіз жыл бұрын бізді байқастап, жаттығуымызға назар аударған шетелдіктер де болды. Алатынын алды. Фристайл бір спортшының сағын сындырса, енді бірін сынайды. Бірақ біз бәріне төздік. Сосын осы спортқа қызығатындар санының көп болғаны қажет. Инфрақұрылым одан әрі жақсарып, спорттық киімдері сай болса – жұмыс істей беруге еш кедергі жоқ. Әлдебір мәселе шығып қалса, рет-ретімен шешеміз. Бастысы, базамыз бар, – деді Круглыхина.

 

Жарақаты мазалап жүр ме?

Бас бапкер былтыр күзде Өскеменде Азия кубогі өкілін әкелгенін айтты. Мейманға қала іргесіндегі алқапты көрсетіп, маман құрлықтық жарыстар өткізуге жарап қалады деп баға берген көрінеді. Қысқасы, қазір келіп жүрген жастардың томағасын сыпырса, ірі бәсекелерде жүлде алуға мүмкіндік бар.

– Егер бізге дайын акробаттар келсе, қуанар едік. Гимнасттар да аса қажет. Себебі, біздің спорт сондай адамдармен тығыз жұмыс істеуге негізделген. Бұдан былай, фристайл-могулға келушілер саны молая түсетіні сөзсіз. Әйтеуір, олар барып, дайындалатын жер бар. Оны күні кеше Өскеменде өткен ел чемпионаты дәлелдеді, – деді бапкер.

Аздан соң Асқар Можанов қазақ дәстүрінде бар нәрсе – шапан жабу рәсімін өткізді. Галышеваға да, Круглыхинаға да тиісті құрмет көрсетіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Артынша, барлығы, келген бапкерлер мен басқарма өкілдері – барлығы естелік суретке түсті. Ол біткен соң спортшыдан спорттық мәнсабын қазір аяқтауына не себеп болғанын сұрадық. Сөзінше, 2022 жылы Пекин Олимпиадасынан кейін үлкен спортпен қош айтысқысы келген. Себебі, сол жарыстан келген бойда тізесіне ота жасап, сәл оңалған соң жаттығуға қайта кірісті. Әлем кубогі кезеңдерінде екі рет жүлдеге ілігіп, жуықта Италиядағы Ақ Олимпиадада ондықтан тыс қалды.

– Өз өнеріме ризамын. Бес бірдей Олимпиадаға қатыстым. Жалпы есептегі «Хрусталь глобусты» айтпағанда, барлық жүлдені еншілеп үлгердім, – деп қорытты спортшы.

Иә, бұл спортшы кез келген фаворитке тосынсый әзірлеуге дейін атлеттердің бірі болды. Оның алдыға жасайтын сальтосын әлемде басқа ешбір фристайлшы орындамады. Оның ізбасарларынан жарқын жеңістер күтеміз. Ал Галышева болса, Өскеменнен ұзап ешқайда кетпейтінін айтты.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив