Өңірлік бөліністе Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстары жоғары білім көрсеткіштерін көрсетті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігінде кезекті аппараттық жиын өтті. Жиын барысында министрлік басшылығы үшінші тоқсанның қорытындысына сәйкес білім сапасына талдау жасап, мектептердегі тәрбие жұмыстарының барысын, соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының орындалуын талқылады.
«Адал азамат» бағдарламасы аясында елдің барлық өңірінде «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқу жылының үшінші тоқсанында оқушылар рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған интеллектуалдық ойындарға, мамандықтар марафонына, дебаттар мен стартап байқауларына белсенді қатысты. Сонымен қатар «Шын жүректен кітап сыйла» және «Ананың аялы алақаны» секілді челлендждер мектеп қабырғасындағы тәрбие мазмұнын байытып, ата-аналардың оқу процесіне қатысуын арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізді.
Тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарына «Адал азамат» бағдарламасының бірыңғай брендбугы енгізілуде.
Жиынның келесі маңызды бөлігі үшінші тоқсандағы білім сапасының көрсеткіштеріне арналды. Бұл кезеңде оң динамика байқалады. Талдау нәтижелері оқушылардың білім сапасы өткен оқу жылының осы кезеңімен салыстырғанда біршама өскенін көрсетіп отыр. Бұл деректер білім беру жүйесіндегі реформалардың оң нәтиже бере бастағанын айғақтайды. Өңірлік бөліністе Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстары жоғары білім көрсеткіштерін көрсетті.
Жиын қорытындысы бойынша министр жауапты құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Пікірлер