A+ A A-

talgatzhan 44 30-10-2024, 12:34 0

ШҚО студенттері экологиялық сауаттылықты арттырады

Бүгін / ШҚО

Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің студенттері «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Танир Яссы мен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ерболмен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жиынның басты мақсаты - «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және «Эко сақшы» жобасын іске асыруды талқылау. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысанда тазарту жұмыстары жүргізілді. 7 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 370 шақырым арық тазартылды. 82 мың аула аумағынан 29 мың тонна қоқыс шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстың елді мекендері мен орман қорында 75 мыңнан астам көшет отырғызылды.
- «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Өскеменде «Таза ойындар» өтті. Бұл шараның басқа қалаларда анаголы жоқ. Белсенді жастармен бірлесе отырып, 15 тоннаға дейін қоқыс шығарылды. Ал «Эко сақшы» пилоттық жобасы маусым айынан бастап іске қосылды. Оған облыстың түкпір-түкпірнен 120 жас қатысты. Жобаның негізгі мақсаты - эко-волонтерлердің жұмысын үйлестіру мен жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Бүгінгі күнге дейін 73 экологиялық іс-шара өткізіліп, қоғамдық орындар мен аула аумақтарынан 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды, - дейді ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ербол.
Пилоттық жоба шеңберінде аймақтағы еріктілер үшін оқыту семинарлары мен сенбіліктер ұйымдастырылды. Оған облыстағы колледж, университет студенттері де белсене қатысуда. 
- Сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» акциясының бес бағыты бар. Біз «Киелі мекен» бағыты бойынша сенбіліктерге белсенді қатысамыз. Егде жастағы адамдардың үйлерінің ауласын тазалауға да атсалысамыз. Тазалық өзімізден басталады. Сондықтан бұл акция экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жастарды ұқыптылыққа баулуға зор үлес қосады, - дейді Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің студенті Жанасыл Мұратұлы.
Айта кетейік, 5 шілдеден бастап халық өтінімдерін пысықтау бойынша қолжетімді платформаны қамтамасыз ету мақсатында «TazaQazBot» телеграмм боты іске қосылды. Акция басталғаннан бері Полиция департаменті абаттандыру ережелеріне қатысты 5967 бұзушылықты анықтап, 25,9 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салды.  
Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жалғасуда.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив