A+ A A-

talgatzhan 78 6-04-2026, 16:05 0

Өскеменде “Интонация. Дауыс ырғағы” тақырыбында пікірталас өтті

Бүгін / Өскемен

Бүгін Шығыс Қазақстан Лингвистикалық орталығының бастамасымен «Сөз сарасы» шешендік клубының кезекті отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиынның негізгі мақсаты – қатысушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ойды жүйелі, нақты әрі сенімді жеткізу дағдыларын дамыту.

- Клуб жұмысы аудиторияның алдында өзіңді еркін ұстауға, өз ойыңды дұрыс жеткізуге көмектеседі деп ойлаймыз. Жалпы «Сөз сарасы» шешендік клубының жұмыс істеп жатқанына 3 ай болды. Әр кездесуді түрлі сала қызметкерлерімен өткіземіз, - деді ШҚ Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова. 

Іс-шараға әдебиет саласының мамандарымен қатар филология факультетінің студенттері, сот, полиция және банк қызметкерлері қатысты. 

Пікірталас басталар алдында қатысушылар арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру мақсатында арнайы тренинг ұйымдастырылды. Қатысушылар өз есімдерін үш түрлі эмоциямен айтып, сөйлеу барысында дауыс ырғағы мен сезімнің маңызын тәжірибе жүзінде көрсетті. Сонымен қатар бір сөйлемді әртүрлі эмоциямен жеткізу арқылы сөздің мазмұнына интонацияның әсері айқындалды. 

Қатысушыларға «Сіз ұжымда адамдармен қалай сөйлесесіз?» деген тақырыпта тапсырма беріліп, олар өз ойларын 2–3 сөзбен жазбаша түрде білдірді. Бұл тапсырма қатысушылардың қарым-қатынас мәдениетін саралауға және өзара пікір алмасуға мүмкіндік берді.

- Жалпы бұл үш факторға байланысты ғой. Сөйлеуші адам, сөйлеуші сөз және соны тыңдайтын орта. Студенттермен болсын, әріптестер болсын кез келген жағдайда сабырмен, дәлелмен сөйлеу қажет. Өзіңді мәдениетті ұстау да маңызды, - деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушысы Айгүл Әсетқызы.

Жиын барысында қатысушылар сөйлеу мәнері, эмоция мен интонация туралы маңызды мәліметтер алды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив