A+ A A-

talgatzhan 43 30-10-2024, 16:50 0

Өскемендіктер сатып алған пәтерлеріне кіре алмай жүр

Бүгін / Өскемен

Өскеменде биыл кезекте тұрғандарға пәтер алу үшін төрт миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Қала әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында (халықтың әлеуметтік осал топтары, оның ішінде көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін үйлер мен пәтерлерді сатып алу)  214 пәтер сатып алу жоспарда бар екенін айтты. 
- Қазіргі таңда Әл-Фараби даңғылы, 44 мекенжайында орналасқан “Ұлан тау” тұрғын үй кешенінде 119 пәтер, Жібек жолы көшесінде 50 пәтер және “Көктем” тұрғын үй кешенінде 5 пәтер сатып алынды, - деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Республика күні қарсаңында бұл пәтерлердің жартысы өз иелеріне салтанатты түрде табысталған еді. Мерекелік шарада қала әкімі Жақсылық Омар да болды. Бірақ Есенберлин көшесі, 50 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындары үш ай бойы ипотекалық несиені төлегенімен, пәтерлеріне кіре алмай отырғандарын айтты. 
- Біз - бұл пәтерлердің иелеріміз. Үйдің кілті мен құжатын алып, ипотеканы төлеп отырмыз. Бірақ баспанамызға әлі кірмедік. Өйткені су құбырын жөндеу ұзаққа созылып кетті. Пәтер иелерінің ішінде көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар мен жалғыз басты аналар бар. Қазір басым бөлігі пәтер жалдап тұрып жатыр. Ипотеканы да, пәтер ақысын да бірдей төлеп отыр. Екі жаққа кетіп жатқан қаражат біршама. Сондықтан өз үйімізге көшкіміз келеді. Алайда күзетшілер кіргізбей отыр. Жөндеу жұмыстары аяқталмаса, кілтін неге ерте берді?, - деп дабыл қақты пәтер иелері. 
Әкімдіктегілер салтанатты шараның шырқын бұзбас үшін олардың мәселесіне назар аудармады. Дегенмен әлеуметтік желіде бұл үлкен резонансқа айналды. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған турнирлерге қатысып жүрген өскемендік белгілі спортшы Алена Кутявина да өз пікірін білдірді. 
- Арбаға таңылған мүгедек жандар үйге мүлде кіре алмайды. Тиісті жағдай жасалмаған, бірде-бір табалдырық талапқа сай емес. Бірақ бұл елдегі ең қымбат пәтерлер болып саналады. Тіпті, Астана мен Алматыда 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама бойынша мұндай баға жоқ. Ал үйдің сапасы ақсап тұр, ақысына сай емес. Түсқағаздар түсіп жатыр. Дәретханаларды тот басқан, ал жылу батареялары қисық қойылған, - деп жазды ол.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив