Бұл туралы қала әкімдігінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл облыс орталығындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді реконструкциялау және жөндеу қағидалары аясында тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсарту бағдарламасын іске асыру жалғасуда.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру, қалалық ортаның эстетикасын арттыру және ғимараттардың пайдалану сипаттамаларын жақсарту.
Анықталғандай, қазір Әуезов көшесі, 49Б, Нұрмағамбетов көшесі, 50 және Протозанов көшесі, 61 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды.
- Аталған нысандар бойынша мердігер ұйым анықталып, жөндеу жұмыстарына кірісті. Жұмыс барысында заманауи құрылыс шешімдері мен материалдар, фиброцементті панельдер қолданылуда. Соның нәтижесінде ғимараттардың сыртқы келбеті едәуір жақсарып, пайдалану мерзімі ұзартылады. Жұмыстарды орындау мерзімі шамамен 3 айды құрайды. Осы уақыт ішінде ғимараттардың қасбеттерін толық жаңартып, заманауи әрі біркелкі келбет беру жоспарланған, - делінген қала әкімдігінің ақпаратында.
Бұдан бөлек, екінші кезеңде Әуезов даңғылы бойындағы көппәтерлі тұрғын үйлерде ұқсас жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
Пікірлер