Шығыс Қазақстан облысының делегациясы халықаралық білім беру семинарына қатысу үшін Қытай елінің Карамай қаласына келді. Бағдарлама Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Делегация құрамына бизнес, IT-сектор, колледждер және креативті индустрия өкілдері кірді.
Бес күн бойы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытайдан келген қатысушылар заманауи ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану бойынша білім алады. Сонымен қатар олар Қытайдың озық технологияларымен танысып, ірі IT-парктер мен жетекші технологиялық компанияларды аралайды.
Салтанатты ашылу барысында делегация жетекшісі, облыстық туризм кеңесінің төрағасы, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Сымбат Рамазанов аталған іс-шараның маңызын атап өтті.
- Бүгінде мұндай оқу бағдарламалары аса өзекті. Мемлекет басшысы бұл жылды жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жылы деп жариялады. Сондықтан бизнес пен IT-мамандарды даярлайтын білім беру ұйымдары үшін бұл — өте қажетті қадам. Халықаралық ынтымақтастық әрдайым дамуға жол ашады. Оның үстіне Қытай — біздің жақын көршіміз, сондықтан бұл бағыт біз үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды, - деді ол.
Салтанатты ашылу рәсіміне Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысты.
Алдағы күндері қатысушыларды мазмұнды оқу бағдарламасы, тәжірибе алмасу және халықаралық әріптестікті дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр.
Пікірлер