A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:10 0

Өскеменде 47-ші Республикалық орындаушылар байқауы басталды

Бүгін / Өскемен

Облыс орталығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттері арасында 47-ші Республикалық орындаушылар байқауы салтанатты түрде ашылды. Соңғы он жылда тұрақты түрде өтіп келе жатқан өнер додасы биыл алғаш рет Өскеменде ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Байқау қазақ халық аспаптары бағыты бойынша өтіп, жеті номинацияны қамтиды. Атап айтқанда, қатысушылар домбыра, қобыз, шертер, жетіген және ансамбльдік орындау бойынша өз өнерлерін көрсетеді. Ауқымды бағдарлама аясында халықтық және аспаптық мамандықтар бойынша кең көлемді концерттік көрсетілімдер жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға елдің 16 өңірінен келген дарынды жастар қатысуда. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан іріктеу кезеңінен өткен музыкалық колледждердің студенттері бар. Жалпы саны 208 қатысушы төрт күн бойы екі кезең бойынша бақ сынайды.
Қазақ халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі Шалқар Ырысханұлының айтуынша, байқаудың басты мақсаты – дарынды жас орындаушыларды анықтау және қолдау.
– Бұл өнер додасы жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, эстетикалық тәрбиесін қалыптастыруға және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған,  – деді ол.
Байқауға қатысушылардың бірі, П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенті Әлазиза Ғалымжан өз әсерімен бөлісті.
– Біз Алматыдан арнайы келдік. Жетіген аспабында өнер көрсетемін. Құрамымызда алты қыз бар, қобыз және жетіген аспаптарында ойнаймыз. Осындай үлкен сахнада өнер көрсету біз үшін үлкен мүмкіндік, – деді қатысушы. 
Ал К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Ғалым Ахмедьяровтың сөзінше, мұндай байқаулар ұлттық құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқарады. 
– Әсем әуен мен асқақ арман тоғысқан бұл байқау – ұлттық мәдениетіміздің айнасы. Мұндай ауқымды іс-шаралардың өтуі – ел мәдениетіне көрсетілген зор қолдау мен өнерге деген ерекше құрметтің белгісі, – деді Ғалым Ахмедьяров. 
Айта кетейік, төрт күнге созылатын байқау жас орындаушылар үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, ұлттық өнерді насихаттайтын маңызды мәдени оқиға саналады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив