Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысына қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі - көші-қон саясаты. Үкімет деңгейінде квазимемлекеттік сектор мен бизнес үшін сұранысқа ие, білікті мамандарды елге тарту жұмысын күшейту тапсырылды.
- 2017-2025 жылдар аралығында өңірге 2209 отбасы қоныс аударды. Облыс қандастар мен елдің басқа өңірлерінен көшіп келушілер үшін тартымды аймақтардың бірі болып қала беруде. Бұл бағытта «Шығыс шақырады» өңірлік бағдарламасы іске асырылып, қоныс аударушылардың бейімделуіне және шекара маңындағы аумақтарды дамытуға қолдау көрсетіліп келеді, - делінген ШҚО әкімі баспасөз қызметінің ақпаратында.
Қоныс аударушылардың ішінде 82 адам жоғары білімді, 110 адам орта білімді, 143 адам кәсіби білімі жоқ. 335 еңбекке қабілетті азаматтың 195-і жұмыспен қамтылды (58%).
- Өткен жылы қоныс аударушыларды қолдауға мемлекет тарапынан 496 млн теңге бөлінді. Қаражат көшу шығындарын өтеуге, тұрғын үйді жалға алуға және арнайы сертификаттар беруге бағытталған, - делінген ресми мәліметте.
Алдағы жылдары облыста 15 мыңнан астам маманға қажеттілік туындайды. Қазіргі таңда құрылыс, энергетика, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және әлеуметтік салада шамамен 4 мың маманға сұраныс бар.
Сонымен қатар облыс әкімі өңірге келушілерді бақылауды күшейту міндетін қойды. Бұл бағыттағы жұмысты құқық қорғау органдары жүргізеді.
Пікірлер