Бүгін Өскемендегі «Олимпиец» спорт кешенінде ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында жекелей-командалық Қазақстан Республикасы чемпионаттың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жарысқа елдің 18 өңірінен қатысушылар келді. Атап айтқанда, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларынан 250-ге жуық спортшы қатысуда.
Чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанда спорттық инфрақұрылымның дамып келе жатқанын жеткізді.
- Бүгінде өңірде 1 628 спорт нысаны жұмыс істейді. Ал дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысатын шығысқазақстандықтардың саны 313 мыңнан асады, бұл халықтың 45 пайызын құрайды. Осы ретте ауыр атлетиканың орны бөлек. Бұл спорт түрімен 16 жаттықтырушының жетекшілігімен 400-ге жуық спортшы шұғылданады, - деді өңір басшысы.
Ал ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиевтің айтуынша, ауыр атлетика - елде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі.
- Қазір ауыр атлетикадан ересектер құрамы сақадай сай. Олар Олимпиадаға қызу дайындық үстінде. 2 жылдан бері Олимпиадаға лицензия алып келеміз. Бұл - біз үшін үлкен жетістік, - деді Гаджи Гаджиев.
Алты күнге созылатын бұл додада кіл мықтылар анықталмақ. 26 сәуірде чемпионаттың жеңімпаздары анықталады.
Пікірлер